«Жүз кітап» жобасы аясында Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» романы талқыланды

27 ақпан, 2015

Жақында филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетіндегі «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубы Ғылыми кітапханамен бірлесіп «Жүз кітап» жобасы аясында Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» романын талдауға арналған қалалық деңгейдегі оқырмандар конференциясын өткізді.

Конференция клуб жетекшісі, доцент Л.Мұсалы ҚазҚызМемПУ-дан, Абай атындағы ҚазҰПУ-дан келген қонақтарды таныстырып, оқырмандарға шығарманың «Көкбалақ» деген аталу себебі туралы сұрақ қойды. «Көк» аспан түсті білдірсе, ал «балақ» жермен байланыстырып қойылған» деген пікірлер айтылды. Оқырмандар конференциясы одан әрі қызықты өрбіді. Қатысушылар шығарманы оқу барысында өздеріне түсініксіз болған сұрақтарын ортаға салып, талдаудың көркін қыздырды. Т.Әсемқұловтың орындауындағы «Көкбалақ» күйі орындалды. Алматы қаласының ЖОО-нан келген оқырмандарымыз да тосылып қалмай, өзекті ойларын ортаға салып, күй құдіретінің шексіздігіне таңданыстарын жасырмады. Шығарма тілі мен мазмұны туралы да тың ой қорытулар жасалды. Оқырмандардың әрқайсысы сыни пікірлерімен, ерекше қабілет зейіндерін көрсете білді. Конференция соңында талдау барысында ұтқыр ойларымен көзге түскен оқырмандарды «Болашақ сыншы», «Болашақ әдебиеттанушы», «Үздік оқырман», «Парасатты оқырман», «Ойлы оқырман» номинациялары бойынша сертификаттармен марапаттады.