ҚазҰУ студенттері диеталық нан өнімдерін әзірледі

11 сәуір, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері спирулинамен байытылған диеталық нан өнімдерін алу технологиясын әзірледі. Жоба авторлары өз өнімдерін Ғылым апталығы аясында өткен Жас ғалымдар көрмесінде көпшілікке ұсынды.

«Қазіргі уақытта адамдар ағзаға қажетті қоректік заттары аз әрі төмен калориялы нанды көптеп қолдана бастады. Бұл ағзадағы иммундық, жүйке, қан айналу жүйесінің жұмысын әлсіретіп, әртүрлі патогендік реакциялардың туындауына әсер етуі мүмкін. Бұл жағдайдың алдын алу мақсатында біз Spirulina platensis цианобактериясымен байытылған диеталық нан өнімдерін әзірледік», – дейді жоба жетекшісі, PhD, доцент Кенжегүл Болатхан.

Жоба қатысушылары – биология және биотехнология факультетінің магистранттары Сымбат Баймұқан және Айгүл Ауған.

Олардың айтуынша, бұл штамды Алматы облысының Алакөл көлінен Фотобиотехнология зертханасының зерттеу тобы бөліп алып, биохимиялық құрамын зерттеген. Биомасса алу үшін жаппай өсіру технологиясы да әзірленген.

«Ірі ұннан жасалған диеталық нан қан қысымын реттеуге және семіздікпен күресуге айтарлықай әсері бар» дейді жас ізденушілер. Олар өз өнімдерін қант диабетімен ауыратындарға және салауатты өмір салтын ұстанатын барша адамдарға ұсынады.