ҚазҰУ ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастықты нығайтуда

8 тамыз, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға халықаралық гуманитарлық қайраткер және филантроп Назанин Алакийя бастаған ЮНИСЕФ өкілдерінің делегациясы келді.

Құрметті меймандар ЖОО кампусын, Жағдаяттық басқару орталығын аралап, Басқарма мүшесі –  операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиевамен кездесті.

Жүздесуге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының жетекші маманы Салтанат Абдуғазиева және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы білім және дағдылар жөніндегі бағдарламаларының жетекшісі Татьяна Адерихина қатысты.

Проректор университеттің қызметі туралы айтып, ЮНИСЕФ пен ҚазҰУ ынтымақтастығына баса назар аударды. Өзара байланыстың жарқын мысалы – UniSat жобасы. Жоба шеңберінде 2020 жылы Қазақстанның әр өңірінен 14 пен 35 жас аралығындағы 20 студент қыз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-технологиялық паркінде наноспутник құру бойынша курстардан өтті. 2022 жылы Түркістан қаласында оқушылар сарайы базасында еліміздегі алғашқы UniSat білім беру хабы ашылды. Ол  ғарыш робототехникасына, шағын ғарыш аппараттарына қызығушылық танытатын оқушылар мен басқа да жоғары оқу орындарының студенттерін қызықтыратын орынға айналды.

Сондай-ақ Әсел Бекболатқызы ҚазҰУ Тұрақты дамудың барлық 17  бағыты (ТДМ) бойынша Times Higher Education University Impact Rankings-2023 халықаралық рейтингінде көш бастап тұрғанын атап өтті. Еліміздің жетекші университетінің көптеген ғылыми-білім беру жобалары ТДМ аясында жүзеге асырылып, өмір сүру сапасын жақсарту, ұлт денсаулығын нығайту және экологияны сақтау мәселелерін қозғайды.

Өз кезегінде Назанин Алакийя  үш бағытқа ерекше назар аударды. Олар: 

білім беру, әйелдер мен қыз балалардың мүмкіндіктерін арттыру және қоршаған ортаны қорғау, экология мәселелері. Оның пайымдауынша, егер біз әйелдер мен қыздарға лайықты білім бере алсақ және қауымдастықтарды экологиялық тұрақты болашаққа жетелейтін болсақ,  тұрақты, гүлденген және әділ қоғамды орнатамыз дейді.

Назанин Алакийяның гуманитарлық қызметі ең алдымен халықтың аз қамтылған топтары, босқындар мен өз еліндегі мәжбүрлі қоныс аударушылар үшін климаттың өзгеруінің жағымсыз салдарын жою үшін шешімдерді анықтауға және орналастыруға арналған. Йемендегі қақтығыс кезінде ол азық-түлік, дәрі-дәрмек және психоәлеуметтік көмекті қоса алғанда, БҰҰ Балалар қорына (ЮНИСЕФ)  қаражат жинады.

«Барлық қыздардың STEAM саласында табысқа жетуге және геймификация арқылы наноспутниктер құру арқылы дағдыларды дамытуға мүмкіндігі бар», – деді Назанин Алакийя. Сондай-ақ оның қолдауымен Unisat бағдарламасы құрылды, ол БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) бірлескен жобасы және ҚазҰУ-дың ғылымды қажет ететін технологиялар мен инжиниринг кластері шеңберінде табысты дамуда.

Кездесу барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ЮНИСЕФ жобасы шеңберінде гендерлік теңдік, сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне қатысты жетістіктері ұсынылды.

Өз қызметін жандандырған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты мен ЮНИСЕФ БҰҰ-ның орнықты дамуының 17 мақсатын одан әрі іске асыру мақсатында алдағы бастамаларда тығыз ынтымақтастықты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізді.

ҚазҰУ-ға жұмыс сапары аясында Алакийя ханым курс қатысушыларымен кездесті. Қыздар STEAM-да наноспутниктерді құрудағы қиындықтар, өздері күрескен стереотип және тәжірибелерімен бөлісіп, курстан өткеннен кейінгі олардың алдында ашылған мүмкіндіктер мен алған әсерлері жайлы айтып берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі