ҚазҰУ-да 36 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2023-2024 оқу жылына 30-дан астам жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру бағдарламаларын жетілдіру және жаңарту бойынша тапсырмаларына сәйкес іске асырылды.
Бүгінде университеттер академиялық еркіндікті пайдалана отырып заман талабына сай білім беру бағдарламаларын жаңарта алады.
ҚазҰУ-дың Білім беру бағдарламаларын жобалау кеңсесінің мәліметінше, биылғы оқу жылына университетте жаңадан әзірленген білім беру бағдарламалары бакалавриатта – 10, магистратурада – 21, докторантурада – 5.
Сондай-ақ 120-дан астам білім беру бағдарламалары жаңартылды, оның ішінде бакалавриат – 47, магистратура – 73, докторантура – 3.
Жаңа білім беру бағдарламалары келесі білім беру бағыттары бойынша жаңартылды: «Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар», «Өнер және гуманитарлық ғылымдар», «Денсаулық сақтау», «Жаратылыстану, математика және статистика», «Машина жасау, өңдеу және құрылыс салалары», «Педагогикалық ғылымдар».
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі