ҚАЗҰУ АБАЙ МҰРАСЫН ЗЕРТТЕУДІ ТЕРЕҢДЕТУДЕ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Абай күніне орай, «Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы және ілімі» атты халықаралық конференция өтті. Жиынды ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды.
Конференция мақсаты – қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың шығармашылық мұрасы мен ілімін заманауи ғылыми көзқарас тұрғысынан қарастыру.
Бүгінде ҚазҰУ-да Тұрақты дамудың барлық 17 бағыты (ТДМ) бойынша көптеген іс-шаралар атқарылуда. Еліміздің жетекші университетінің көптеген ғылыми-білім беру жобалары ТДМ аясында жүзеге асырылып, білім беру сапасын жақсарту, бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар, тұрақты даму үшін серіктестік мәселелері жан-жақты қамтылуда.
Тағылымды шараға университет басшылығы, ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, зерттеушілер, тарихшылар, абайтанушылар және оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.
Конференцияны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жамила Айтжанова құттықтау сөзбен ашты.
«Абай – ұлт тарихындағы қайталанбас тұлға. Ұлы ойшылдың ой-пікірлері бүгінде өзектілігін жойған емес. Абай тек әдебиетте ғана емес, жалпы, ұлттың қалыптасу жолында үлкен қызмет атқарды. Абай Құнанбайұлының ілімін және мұрасын жас ұрпаққа насихаттау – біздің ортақ міндетіміз. Осы тұрғыда бүгінгі басқосудың маңызы зор», – деді проректор.
Өз кезегінде Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебайұлы сөз сөйледі. «Абай Құнанбайұлына арналған конференция биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Яғни бұл конференция дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Баршамыз Абайды танып, оның ғибратты сөздерін, қанатты ойларын жадымызда сақтауымыз қажет», – деді Жанғара Дәдебайұлы.
Сондай-ақ конференция барысында Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы Дандай Ысқақұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, профессор Қансейіт Әбдезұлы, филология ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ләйла Мұсалы және т.б. ғалымдар баяндама жасап, өз пікірлерін ортаға салды.
Шара аясында Абайдың шығармашылық тұлғасы және тағылымы, шығармашылық мұрасының ерекшелігі, Абай ілімінің негізгі ұстанымдарын саралау және Абайдың шығармашылық мұрасы мен ілімінің қазіргі руханияттағы орны мен маңызы туралы мәселелер кеңінен талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі