Халықаралық жастар күні құтты болсын!

12 тамыз, 2023

Құрметті Әл-Фараби атындағы  Қазақ ұлттық университетінің жастары!

 

Сіздерді Халықаралық жастар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Кез келген мемлекеттің өркендеуі ынтымағы мен бірлігіне, жастардың біліміне байланысты.

Қазір еліміз үлкен саяси-әлеуметтік өзгерістерге қадам басуда.

Мемлекет білімді, білікті жастарға үлкен сенім артып отыр.

Сіздер еліміздің болашағы, Жаңа Қазақстанды құрушы жаңа буын өкілдерісіздер.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Қазақстан – дарынды жастар мекені.  

Бүгінгі жастар – Тәуелсіздіктің жаңа буыны, ғылым мен технологияның қыр-сырын игерген өте білімді, алғыр.

Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар.       

Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деп айрықша атап өткен болатын.

Қазіргі таңда ҚазҰУ-да 25 мыңға жуық студент бар, оның 2,5 мыңға жуығы әлемнің 50 елінен келген шетелдік студенттер.

Биылғы жаңа оқу жылына жас талапкерлер арасында 4000-нан астам білім беру грантының иегерлері ҚазҰУ-ды таңдады.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша ҚазҰУ студенттері әлемнің беделді  университеттерінде білімін жетілдіруде.

Бүгінде ҚазҰУ-да 40 жасқа дейінгі 300-ден астам жас ғалым жұмыс істейді. Олардың ішінде 49-ы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жас ғалым» жобасының жеңімпаздары. Көпшілігі әлемнің жетекші университеттері мен орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтті.

Университет жастарды қолдау жүйесін одан әрі жақсартудың тиімді механизмдеріне қолдау көрсетуде.

Жас ғалымдар мен студенттердің игілігі үшін аудиториялар мен жатақханаларға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қалашық аумағында жаңадан заманауи дәмханалар, спорттық алаңдар, ғаламтор-кафелер, дүкендер, кофеханалар мен көшірме орталықтары арнайы іске қосылды.

Университеттегі факультеттер, кафедралар, ғылыми-зерттеу институттары, инновациялық зертханалар мен ғылыми орталықтардың барлығы жастардың толыққанды білім алуына қызмет етеді.

Жыл сайын дәстүрлі түрде Республикалық жастар форумы, Жас ғалымдар мен үздік білім алушылар форумы, Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілуде.

ҚазҰУ студенттері биылғы каникул кезеңінде Алматы қалалық «Жасыл ел» бағдарламасы аясында университет және қала аумағындағы маусымдық жұмыстарға жұмылдырылды. Студенттерге бағдарлама тарапынан 70 000 теңге айлық, ҚазҰУ есебінен 40 000 теңге шәкіртақы тағайындалды. Сонымен қатар жастар тегін жатақханамен және бірыңғай формамен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар белсенді студент жастарымыз Ыстықкөлдегі ҚазҰУ спорттық-сауықтыру кешенінде демалып қайтты.

ҚазҰУ жастары спорт саласында да биік тұғырдан көрінуде. Университет спортшылары аймақтық, ұлттық және халықаралық деңгейде көптеген жарыстарға белсенді қатысады. Олар университет атынан түрлі турнирлерде, чемпионаттарда және олимпиада ойындарында өнер көрсетеді.

Биылғы жазда Ақтау универсиадасында ҚазҰУ спортшылары 39 алтын, 27 күміс, 22 қола медальға қол жеткізіп, командалық есепте көш бастап, бірінші орын алды. Қытайдың Чэнду қаласында өткен ХXXI жазғы универсиада жарысында да жас спортшыларымыз жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Университетте «Жас ғалымдар кеңесі», «Академиялық студенттік кеңес», «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының қоғамдық бірлестігі, «Көмек» қайырымдылық қоры т.б жастар ұйымдары белсенді жұмыс атқарып келеді.

ҚазҰУ жастарының алдағы уақытта алған білімін ел игілігіне пайдаланып, Тәуелсіздік тұғырын нығайтып, биік мақсаттарға жетеріне сенемін.

Құрметпен,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ