Ректор жаңа кітапхананың ашылуына қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры Жансейіт Түймебаев Сүлейман Демирел атындағы университетте заманауи кітапхананың ашылу салтанатына қатысты.
Шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, еліміздің ЖОО ректорлары, оқытушылар мен білім алушы жастар жиналды.
Ашылу салтанатында министр рухани орталық студенттердің сапалы білім алуына, тұлғалық дамуына серпін беретінін атап өтті.
“Қай кезде, қай заманда болмасын кітап құндылығын жоғалтпайды. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Осы тұрғыда кітапхана әр университеттің жүрегі десек болады. Дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды” - деді министр.
SDU ғылыми кітапханасы “Open access” стилінде жасақталып, электронды жүйе арқылы басқарылады. Білім алушы жастар үшін қолайлы жағдайлардың барлығы жасалып, үш қабатты ғимаратта оқу залы, демалыс орындары, конференция залы, компьютер бөлмесі қарастырылған. Университет кітапханасының қорында 410 мыңнан астам кітап бар. Оның ішінде қазақ тілінде - 119 113, орыс тілінде - 32 565, ағылшын және басқа тілдерде - 258 638 дана кітап бар. Ғылыми кітапхана түскі үзіліссіз сағат 9:00-ден кешкі 21:00-ге дейін жұмыс істейді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі