15 тамыз – Археологтар күні құтты болсын!

15 тамыз, 2023

Құрметті археология саласының мамандары!

Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Ұлт тарихы мен мәдениетіне қатысты деректерді тарих қойнауынан аршып, сақтап, зерттеуде археологтардың еңбегі зор.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарихын түгендеп, одан тағылым ала білген елдің тамыры берік болады», – деп, ғылыми қауымдастық алдына үлкен міндеттер қойып отыр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1971 жылдан бері Археология, этнология және музеология кафедрасы жұмыс істейді.

Академик Өмірбек Жолдасбековтің бастамасымен Қазақстанда тұңғыш рет ашылған бұл кафедра бүгінде археологтар, этнологтар мен музейтанушы мамандарды даярлайтын бірегей орталыққа айналды.

Әр жылдары кафедрада  Әлкей Марғұлан, Хасан Алпысбаев, Сержан Ақынжанов, Кемел Ақышев, Карл Байпақов, Зейнолла Самашев сынды көрнекті ғалымдар дәріс оқып, білікті мамандарды тәрбиеледі.

ҚазҰУ-да 1983 жылы Ежелгі және орта ғасыр археологиясының мұражайы құрылды.

Мұражайды ұйымдастыруға тарихшы, археологтар Уахит Шәлекенов, Әбдеш Төлеубаев, Әбдіманап Оразбаев, Мадияр  Елеуов, Нұртаза Алдабергеновтер елеулі еңбек сіңірді.

Университет ғалымдары археология саласы бойынша іргелі зерттеулер жүргізіп, нәтижелі ғылыми экспедициялар ұйымдастырып, мазмұнды ғылыми еңбектер жазды.

Биыл ҚазҰУ-дың археологиялық экспедициясы Кембридж университеті мамандарымен бірлесе отырып қола және ерте темір дәуірлері ескерткіштеріне зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар университетіміздің археологиялық экспедициясы Алматы облысының Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы қазба жұмыстары кезінде ерте темір ғасырына жататын отбасылық қабірді және бірқатар көне құнды жәдігерлерді тапты.

Қазіргі уақытта ҚазҰУ экспедициясы Алматы облысының  Кеген ауданы Жылысай ауылы маңындағы ежелгі обаларда қазба жұмыстарын жүргізуде.

Археология саласы – ежелгі өркениеттердің құпия сырларын ашуға,  көне дәуірлердің мәдениеті мен өмір салтын зерделеп, тарихтың сан қырлы қатпарларын зерттеуге мүмкіндік беретін өте маңызды ғылым.

Археологтар күні құтты болсын!

 

Құрметпен,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ