ҚазҰУ-да «Спорт менеджменті» жазғы мектебі басталды

15 тамыз, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да медицина және денсаулық сақтау факультетінің Дене тәрбиесі және спорт кафедрасы мен Фридрих Шиллер атындағы Йен университеті (Германия) бірлесіп DAAD  жобасы аясында ұйымдастырылған «Спорт менеджменті» жазғы мектебін бастады.

 «Спорттық менеджмент» жазғы мектебіне Германияның Федералды білім және зерттеу министрлігінің қолдауымен DAAD (Германияның академиялық алмасу қызметі) демеушілік етеді. DAAD – студенттер мен ғалымдардың халықаралық алмасуы бойынша әлемдегі ең ірі қаржыландыру ұйымы.

Шараға қатысушыларды жазғы мектептің басталуымен құттықтаған ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиева университет жетістіктеріне тоқталды. Ол Германияның ең көне жоғары оқу орындарының бірі – Фридрих Шиллер университетімен бірлесе ұйымдастырылған білім беру жобасының маңыздылығын атап өтті. Проректор жобаның сапалы білім беру, адам денсаулығы мен оның әл-ауқатын қамтамасыз ету сияқты Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру шеңберіндегі өзектілігіне ерекше мән берді.

Бүгінде ҚазҰУ-да Тұрақты дамудың барлық 17  бағыты (ТДМ) бойынша көптеген іс-шаралар атқарылуда. Еліміздің жетекші университетінің көптеген ғылыми-білім беру жобалары ТДМ аясында жүзеге асырылып, білім беру сапасын жақсарту, бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар, тұрақты даму үшін серіктестік мәселелері жан-жақты қамтылуда. Осы мақсатта университетте Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты құрылған және табысты жұмыс істеуде.

«Спорт менеджменті» жазғы мектебі аясында 14-27 тамыз аралығында спорт экономикасы, спорттық менеджмент және спорттық маркетинг бойынша дәрістер мен шеберлік сыныптар өтеді. Неміс университеттерінің жетекші мамандары мен ғалымдары: Франк Дауманн (Фридрих Шиллер атындағы Йен университеті), Норберт Шютте (Иоганн Гутенберг университеті, Майнц), Маркус Бройер (Гейдельберг қолданбалы ғылымдар университеті, SRH), Бенедикт Рёммельт (Гейдельберг университеті, SRH) барлық қатысушыларға дәріс береді.

Сонымен қатар шетелдік қатысушыларға неміс мәдениеті мен өмір салты, сондай-ақ Германия мен Қазақстандағы оқыту және зерттеу үрдісімен танысу мақсатындағы қызықты ілеспе мәдени бағдарлама ұсынылады. Жазғы мектепке қатысу тегін және барлық іс-шаралар мен дәрістер ағылшын тілінде өткізіледі.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі