Фудань Чжанцзян институты ҚазҰУ-мен серіктестік орнатады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиева мен Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова Фудань Чжанцзян институты деканының орынбасары Ля Сяолин бастаған ҚХР делегация құрамымен кездесті.
Сапар барысында Фудань институты өкілдері еліміздің жетекші жоғары оқу орнының басшылығымен кездесіп, ҚазҰУ мұражайы және кампусымен танысты.
Жүздесу барысында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиева оқытушы-профессорлық құрам мен білім алушылардың академиялық ұтқырлық бағыты аясында ҚазҰУ мен ҚХР университеттерінің ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті. 2019-2023 оқу жылдары ішінде 80 адам академиялық ұтқырлық (докторантура, магистратура, бакалавриат) бағдарламасы бойынша білім алды. Білім алушылар Қытай университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, жазғы мектептерге қатысты. Біліктілікті арттыру және ғылыми конференцияларға қатысу мақсатында 44 оқытушы ҚХР-ға барды.
Өз кезегінде ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова Фудань институтымен ғылыми ынтымақтастықты дамытуға әзірлігін жеткізді.
ҚазҰУ-да Қытайтану кафедрасы мен Конфуций институты жұмыс істейді. Құрылғалы бері онда 3000-нан астам студент қытай тілін меңгеріп, оқу құралдары басып шығарылды. Университет ҚХР жоғары оқу орындарымен серіктестік аясында Пекин және Шанхай университеттерінде екі қазақстандық орталық ашты.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірқатар бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыруда және ҚХР жетекші университеттерімен өзара тиімді әріптестікті арттыруда. Сондай-ақ сапалы білім беру мен инновацияларды дамыту БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру саласында азиялық жоғары оқу орындарымен белсенді өзара байланыс орнатуда», – деп атап өтті проректор.
Өз кезегінде арнайы қабылдауға алғыс білдірген Фудань Чжанцзян институты деканының орынбасары Ля Сяолин әлемдегі ең үздік 100 университеттің қатарына кіретін Қытайдың ең беделді және көне оқу орнының қызметіне тоқталды. Университет құрылымына 17 институт, 69 факультет пен 77 зерттеу институты және т.б. кіреді. ЖОО-да 40 мыңнан астам студент, оның ішінде 4 мыңға жуық шетелдік азамат білім алады.
Кездесу соңында делегация құрамы ҚазҰУ-мен ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға қызығушылық танытып, тараптар келешек жемісті ынтымақтастықтың бағыттары жайлы өзара пікір алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі