Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында қазақы нақыштағы ұлттық бұрыш ашылды.
Киіз үй түрінде жабдықталған арнайы бұрыш ерекше дизайнмен жасалып, ою-өрнектермен безендірілген. Онда қазақтың ұлттық аспаптары, сандық, ұлттық киімдер, құрақ көрпе, дастархан, ағаш ыдыстар қойылған.
Танымдық бұрышты суретке түсетін фотоаймақ ретінде пайдаланып, бейнетүсірілімдер жасап, түрлі кездесулер өткізуге болады.
Ұлттық бұрыш шетелдік студенттерді, оқытушыларды және университет қонақтарын халқымыздың мәдениетімен және салт-дәстүрімен таныстыру мақсатында құрылған.
Мұнда олар тек тұрмыстық заттармен танысып қана қоймай, түрлі кездесулер өткізе алады.
Сонымен қатар кітапхана ішіндегі фуршет залы да ұлттық нақышта безендірілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі