Жанарбек Әшімжанмен кездесу өтті

6 наурыз, 2015

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының ұйытқы болуымен мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, халықаралық «Шабыт» фестивалінің «Гран-При» иегері, қаламгер, публицист, ақын Жанарбек Садыханұлы Әшімжанмен кездесу өтті.


Кездесуде күткенімізден көп әсер алдық. Барған жерінен жүлдесіз қайтпайтын журналист, ақын тәлімі мол талай дүниелерді сөз етіп, санаға сан түрлі ой тастады. Бауыржан Әліқожа «Қара шаңырақта дәріс алып жүргеніңізде қандай студент едіңіз?» деген сұрағынан бастау алып, Жанарбек ағайдың өмірі мен шығармашылығына қызығушылық танытқан студенттердің сұрағымен ұласты. Студенттік шағындағы балалықпен болса да, шалалығы болмаған нәтижелі істерін айтып, өткен өміріне сапар шеккізді. Шығармашылығымен қатар спортты да қатар алып жүрген Жанарбек Әшімжан, бильярд спорты бойынша Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы екенін де бір марқайып айтып қалды. Журналистиканың бүгіні мен болашағы жөнінде де сөз етіп, ақыл-кеңестерімен бізді қаруландырды. Шара барысында көптің жүрегін елжіретіп «Анама» өлеңін оқып, тарихын баяндады. Кездесу соңында қаламгерді декан Сағатбек Медеубек «алғыс хатпен» марапаттады. Ал, белсенді қатысқан студенттерге Жанарбек Садыханұлы Әшімжанның «Панда жылаған жаз» атты жаңа кітабы автордың қолтаңбасымен табыстады.