ҚазҰУ-да 2023 халықаралық жазғы психологиялық мектеп өтуде
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Интегративті қолданбалы психологияның негіздері мен технологиялары» атты VII халықаралық жазғы психология мектебі өтуде.
Жыл сайын жазғы мектепке Қазақстанның әр түкпірінен, алыс-жақын шетелдерден тәжірибелі психолог мамандар мен докторанттар, магистрант және студенттер жиналады. Қазақстан, Өзбекстан, Польша, Германия, Болгария, АҚШ және басқа да елдердің белгілі психологтары мен педагогтары кәсіби шеберліктің сырымен бөлісуде. Психологиялық мектептің ерекшелігі – психологиялық ғылымның өзекті мәселелерін шешудегі қолданбалы аспектілерін айқындау және тиімділігін арттыру.
Биылғы аталған шараның шеберлік сыныптары тұрақты дамудың (ТДМ) жақсы денсаулық, әл-ауқат және сапалы білім сынды негізгі үш бағытын қамтиды. Шара аясында психологиядағы адамның өмір бойғы даму ресурстарын оңтайландыруға, адамның физикалық және психикалық денсаулығын үйлестіруге бағытталған ресурстық амалдар жан-жақты зерттелуде. Қолданбалы психологияның интегративтілігі жеке тұлғаның тұтастығын, оның белсенділігін көрсетеді. Психологиялық мектеп алаңында тәжірибелі мамандар мен болашақ жас мамандар тәжірибе алмасып, білім беру сапасын арттыруға ықпал етуде.
Шараны ұйымдастырушылар: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы, Психологиялық технологиялар мен инновациялар орталығы, психология ғылымының докторы Фатима Ташимова және PhD доктор Айдана Ризулла.
Жазғы мектептің алғашқы күні «Білім беру жүйесінің ресурстарын оңтайландырудың психологиялық-педагогикалық факторлары» атты халықаралық дөңгелек үстелден басталды. Аталған шараға философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев, психология ғылымының докторы, профессор Войцех Кулеза (Варшава әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар университеті, Польша), Психология кафедрасының профессоры Дилбар Мухамедова (Өзбекстан ұлттық университеті, Ташкент) қатысты.
Дөңгелек үстел барысында Войцех Кулеза халықаралық психологиялық зерттеулер жүргізу және оның нәтижелерін Scopus деректер базасында жариялау бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар коучинг, отбасылық әртүрлі ахуалдарға қатысты психологиялық кеңес пен шеберлік сағаттары өтті.
Жазғы мектептің келесі күндері Алатау бөктерінде орналасқан «Әсем-Тау» санаторийінде жалғасты. Онда Алматы қаласы құтқару қызметінің психологі Ботагөз Әмірова, Еуропалық транзакциялық талдау қауымдастығының президенті, SELF психология орталығының директоры Бақытжан Ақанов сынды қазақстандық жетекші мамандар әртүрлі тренингтер өткізді. ҚазҰУ-дың белді психолог жаттықтырушылары: пс.ғ.д., профессор Фатима Ташимова «Өмірлік қиындықтарды жеңу психотехнологиясы» атты, PhD доктор Айдана Ризулла «Жағымсыз эмоцияларды басқару техникасы» тақырыбында, психолог А.Тастанова «Тыныс алу практикасы» бойынша психологиялық жаттығулар, Ш.Сұлтаналиева «Өзін кешіре білу психологиясы мен кінәлі сезінуден арылу» сынды көптеген практикалық құндылығы жоғары әдістемелерімен бөлісті.
Халықаралық жазғы психологиялық мектепке Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген тыңдаушылар, сондай-ақ Ташкент қаласындағы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті филиалынан тоғыз тыңдаушы арнайы келіп, топтық жұмысқа белсенді қатысты.
Аталған шара аясында қатысушылар жағымды эмоция, ерекше көңіл күйде жаңа дағдыларды меңгеріп, білімдерін шыңдап, өзара пікір алмасты.
Айгүл Әлшімбаева, философия және саясаттану факультеті деканының
ғылыми-инновациялық
қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары