- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ ректоры академик Бақытжан Жұмағұловтың 70 жылдығына арналған шараға қатысты
ҚазҰУ ректоры академик Бақытжан Жұмағұловтың 70 жылдығына арналған шараға қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, академик Бақытжан Жұмағұловтың 70 жылдығына арналған ҚР ҰИА жалпы жиналысының отырысына қатысты.
Жиында Бақытжан Тұрсынұлына арналған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да басылып шыққан «Ғибратты ғұмыр» атты сериялық кітабының және академиктің «Человеческий фактор – хроники министра» атты үш томдық кітабы мен «Қазақстан ғалымдарының библиографиясы» атты кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.
Шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткері Амандық Баталов, қала әкімдігінің өкілдері, ЖОО басшылары, ҚР ҰҒА академиктері, Тұран университетінің ректоры Рахман Алшанов, зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар, Бақытжан Жұмағұловтың замандас достары мен шәкірттері жиналды.
Сессия отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын Дархан Ахмет-Заки оқып берді. Хатта: «Бақытжан Тұрсынұлының ғылыми жаңалықтары еліміздің дамуына сүбелі үлес қосты. Еңбек жолыңызда ұлағатты ұстаздықтан бастап, университет ректоры, Білім және ғылым министрі дәрежесіне дейін көтерілдіңіз. Бұл – білім мен біліктіліктің, үлкен ұйымдастырушылық қасиетінің жемісі мен жеңісі. Тәуелсіз еліміздің дамуына қосқан үлесіңіз мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болдыңыз», – делінген.
Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, Бақытжан Жұмағұловтың еңбек жолына тоқталды. «Бақытжан Тұрсынұлы – ҚазҰУ-дың қолданбалы математика факультетінің түлегі. Бақытжан Жұмағұлов ғылымға, қоғамдық жұмыстарға ерте араласты. Студент кезінде құрылыс отрядының, комсомол комитетінің жетекшісі болды. Инженерлік ғылым, математикалық модельдеу бойынша іргелі зерттеулер жүргізді. Ғылыми монографиялар жазып, ізбасар шәкірттер тәрбиеледі. Ұстазы Өмірбек Жолдасбековпен бірігіп инженерлік академиясын құрды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болған кезеңде білім ордасын жаңа белеске көтерді. Кейін еліміздің Білім және ғылым министрі болды. Бақытжан Тұрсынұлының бастамасымен 2011 жылы елімізде «Ғылым туралы» жаңа заң қабылданды. ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» сериясы бойынша кітаптар жарық көріп келеді. «Ғибратты ғұмыр» сериясының кезекті шығарылымын біз Бақытжан Тұрсынұлының мемлекеттік қызметі мен ғылымдағы жолына арнадық. Сондай-ақ «Түркістан» газетінде Бақытжан Жұмағұловқа арналған «Қайраткер тұлға, зерделі ғалым» тақырыбындағы мақалам жарық көрді», – деді ректор.
Сондай-ақ шара барысында мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен академиктер баяндама жасап, мерейтой иесіне ыстық лебіздерін білдірді.
Жиын соңында Бақытжан Жұмағұлов жиылғандарға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі