Университеттің Оңтүстік Кореямен халықаралық байланысы кеңейді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Шинхан университетінің президенті Кан Сун Чон бастаған делегациямен кездесу өткізді. Тараптар жүздесуде өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайту жайын талқылады.
Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті меймандарға университет қызметі, оқу және ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары, шетелдік серіктестермен ынтымақтастық туралы айтып берді.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста. Бұл жұмыстарды әлі де жалғастыра береміз. ҚазҰУ-да 100-ден астам инновациялық жоба бар. Қазіргі таңда аталған ғылыми жобаларды коммерцияландыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Шинхан университеті мен ҚазҰУ ғылыми бағытта жұмыс жасап, серіктестікті одан әрі арттыру қажет», – деді ректор.
Өз кезегінде Кан Сун Чон кездесу барысында айтылған барлық бастамаларды қолдайтынын және ынтымақтасты арттыруға ниетті екенін жеткізді.
Жүздесу соңында тараптар естелік сыйлықтармен алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі