ҚазҰУ аруларына арналған мерекелік кеш өтті

7 наурыз, 2015

Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай атындағы ҚазҰУ-дың нәзік жанды аруларына арналған "Бақытты әйел" аттымерекелік кеш өтті.

Көңілді кешті ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов құттықтау сөзімен ашып, аяулы аруларға арналған лебізін білдірді. «Құрметті, арулар! Халықаралық әйелдер күні мерекесінде отбасыларыңызға амандық, ниеттеріңізге тазалық, дендеріңізге саулық, жұмыста табыс, шексіз махаббат пен баянды бақытқа ие болуларыңызды тілеймін», - деді. Сондай-ақ, университет ректоры «Жаныңдамын деп сана» атты жыр жолдарын, құрметті профессорлары өз өлеңдерін әйелдер қауымына арнап, аяулы аналарымыздың, қыз-келіншектер мерекесінің шуақты көктем күндерімен ілесіп келуінің тегін еместігін атап өтті.

Проректорлар «Әдемі-ау», ал факультет декандары «Іңкәрім-ай» әндерін орындаса, химия және химиялық технология факультетінің кафедра меңгерушілері Шәмші әндерінен попурри айтып, ақпараттық байланыс технологиялары департаментінің жігіттері заманауи би биледі. Университеттің көңілді тапқырлар клубы да аянып қалған жоқ. Әдемі әзіл, ұтқыр қалжың көңіл жадыратты. Ер-азаматтар түрлі аспаптарда ойнап, өз өнерлерін ортаға салды.

Проректорлар, декан және орынбасарлары, бөлім басшылары – бәрі де университет барлық қыз-келіншектеріне өнерден тарту жасап, ерекше көңіл-күй сыйлады.

ҚазҰУ-дың ер-азаматтары биылғы жылы да дәстүрлі 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесін өте жоғары деңгейде өткізді. Сахна мерекеге сай безендіріліп, мерекелік кештің әсерін арттыра түсті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі