ҚазҰУ басшысы ғалым Берікбай Сағындықұлымен кездесті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев филология ғылымының докторы, профессор, филология факультетінің оқытушысы Берікбай Сағындықұлын қабылдап, қазақ тілінің өзекті мәселелерін талқылады.
Жүздесуде Берікбай Сағындықұлы университет ректорына соңғы атқарған жұмыстары мен еңбектері туралы ақпарат берді. Бүгінде профессор «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы және лексикографиясы» атты еңбегін жазып шыққан. Қазіргі таңда «Құтадғу білік» поэмасын қазақ тіліне аудару үстінде.
Айта кетейік, Берікбай Сағындықұлы – орта ғасырлардағы ескерткіштердің мәтіндерін терең меңгеріп, теориялық зерттеулер жүргізген ғалым. Іргелі зерттеулерінің нәтижесінде ғылыми қауымдастыққа пайдалы ірі жаңалықтар ашып, ортағасырлық жазба мұраларды, тіл тарихын жан-жақты зерттеудің тұтас әдіснамалық негізін қалыптастырды.
Кездесу барысында ҚазҰУ басшысы Жансейіт Қансейітұлы қазақ тіл білімі саласындағы Берікбай Сағындықұлының еңбегін жоғары бағалап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі