ҚазҰУ-да Дінмұхамед Қонаевқа арналған дәрістер өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халқымыздың ұлы тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмірден өткеніне 30 жыл толуына орай, еске алу шарасы өтті.
Тарих факультеті мен Алматы қаласы Бостандық ауданы Ардагерлер кеңесі бірлесіп ұйымдастырған іс-шара аясында қайраткер тұлғаның қызметі мен өміріне арналған көшбасшылық дәрістер өткізді.
Алматы қаласы Бостандық ауданы Ардагерлер кеңесі тарапынан Жанкелді Саденов «Дінмұхамед Қонаев – заңғар тұлға» атты тақырыпта дәріс оқыды. Ол Д.А.Қонаевтың кісілік болмысына, адами қасиеттеріне, парасаттылығына, іскерлік қасиеттеріне тоқталды.
Тарих факультетінің доценті Қалима Туенбаева Дінмұхамед Ахметұлының экономика, білім, ғылым, ұлттық мәдениет, әлеуметтік салаларын дамытудағы үлесі мен ҚазҰУ құрылысына қосқан өлшеусіз еңбегін атап өтті.
Қазақстанды 25 жылдай басқарып, игі істерімен халқының мәңгі есінде қалған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қайраткерлік жолы бүгінгі жастарға үлгі-өнеге.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі