Ректор жатақхана дайындығын тексерді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры Жансейіт Түймебаев қалашықтағы жатақханаларды аралап, жаңа оқу жылына дайындығын тексерді.
Бүгінде оқу ордасында 5938 орындық 14 жатақхана және Жас ғалымдар үйі бар.
Барлық жатақханаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда жөндеуден кейінгі тазалау жұмыстары аяқталып, төсек-орын жабдықтары беріле бастады. Жөндеу кезінде жатақханалардың барлық бөлмелері мен дәліздері сырланып, ағартылды. Бірінші қабат қасбеті боялып, кіреберісі де әрленді. Сонымен қатар №14 және №6 жатақханаларда линолеум ауыстырылды. №6 жатақханада санитарлық-техникалық жабдықтар жаңартылды. Бұдан бөлек, барлық жатақханаларда душ жөндеу, электр, жылу жүйесін тексеру сынды жұмыстар атқарылды.
Жатақхана дайындығын тексерген университет басшысы Жансейіт Түймебаев жауапты мамандарға бірінші курс студенттерін толық жатақханамен қамтамасыз етуді және әрбір білім алушы жастардың студенттер үйіндегі қауіпсіздігін жіті назарда ұстауды тапсырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі