- Басты бет
- Жаңалықтар
- Мәжіліс депутаты мен қоғам белсендісі ҚазҰУ жатақханаларының жай-күйімен танысты
Мәжіліс депутаты мен қоғам белсендісі ҚазҰУ жатақханаларының жай-күйімен танысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ирина Смирнова мен қоғам қайраткері Гүлнар Омарова арнайы келді.
Қонақтар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевпен кездесіп, ғылым-білім саласы бойынша пікір алмасып, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Содан кейін қонақтар ҚазҰУ қалашығында орналасқан жатақханалар мен соңғы үлгідегі күрделі жөндеуден өткен оқу ғимараттары мен жаңарған аудиторияларды аралап көрді. Депутат пен қоғам белсендісі алдымен №6 және №5 студенттер үйін аралап, жаңа оқу жылына дайындығын тексерді. Жөндеу жұмыстары барысында студенттер үйінің сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қабырғалары қайта сыланып, әрленді. Жатақханада ас бөлмесі, оқу залы, демалыс орындары, киім жуатын бөлмелер қарастырылған. Әр секцияға заманауи душ кабиналары қойылып, санитарлық-техникалық жабдықтар ауыстырылды. Бұған қосымша, ғимараттың cу құбыры мен кәріз жүйесі монтаждалды.
Оқу ордасында 5938 орындық 14 жатақхана және Жас ғалымдар үйі бар.
Сонымен қатар қонақтар қалашықта орналасқан «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығына барып, студенттерді жатақханаға орналастыру үшін арнайы құрылған штабтың қызметімен де танысты. Университетте құрылған штабта жеті қызметкер (24/7) білім алушы жастар үшін жұмыс істейді.
«ҚазҰУ еліміздегі іргелі, көшбасшы оқу орны ретінде әлемге танымал. Еліміздің және шетелдің көптеген жастары заманға сай білім алу үшін Қазақ ұлттық университетін таңдайды. Сондықтан оқуға түсуші жастарды жатақханамен қамтамасыз ету өте маңызды. Оқу ордасындағы жатақханаларды аралай отырып, ҚазҰУ ағымдағы оқу жылына дайын екенін көрдік. Алдағы уақытта ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыру мақсатында университетте 12 мың төсек-орынға арналған жатақханалар бой көтеретінін естіп, қуанып отырмыз. Бұл үлкен бастама», – деді депутат Ирина Смирнова.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі