ҚазҰУ жастары Францияда білім алады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 24 магистранты мен екі докторанты Франция Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп демеушілік ететін «Абай-Верн» бағдарламасы шеңберінде Францияның жетекші жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Бағдарлама жыл сайын француз немесе ағылшын тілдерінде магистратура және докторантура деңгейлерінде оқуға стипендия тағайындайды.
Биыл бағдарлама шеңберінде Қазақстанға 2-ші оқу жылының магистранттары үшін 30 стипендия, бірлескен ғылыми жетекшілікпен диссертация дайындауды жүзеге асыратын докторанттар үшін 5 стипендия бөлінген. Сондай-ақ аталған бағдарлама аясында білім алушылар үшін мамандық таңдауда шектеу жоқ.
24 магистратура және PhD дәрежесін алу үшін екі шәкіртақыны ҚазҰУ магистранттары мен докторанттары жеңіп алды. Олар 2023 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың маусымы аралығында Лотарингия, Реймс Шампань-Арден, Париж-Сакле және Лион университеттерінде тегін білімдерін шыңдап, ай сайын 800 евро көлемінде стипендия алатын болады.
Оқу барысында олар іргелі математика, биотехнология, шет тілдері немесе химия пәндерін оқиды. Жеңімпаздардың көпшілігі ҚазҰУ-дың Геоэнергетика орталығында тағылымдамадан өтті. Магистратураның бірінші жылында олар француз профессорларының курстарына қатысып, Алматыдағы Франсез Альянс орталығында француз тілін меңгерді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі