Ректор жоғары білім және ғылым форумына қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Астана қаласында өткен «Адами капиталдың дамуы – ел экономикасы өсуінің негізі» атты жоғары білім және ғылым форумына қатысты.
Жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ЖОО және ҒЗИ басшылары, жас ғалымдар, шетелдік және отандық сарапшылар қатысты.
Форум барысында қатысушылар сөз сөйлеп, елдің экономикалық өсуіне жоғары білім мен ғылымды дамытудың маңыздылығын атап өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасап, 2023-2025 жылдарға арналған ғылымның жалпы бюджеті 3,5 есеге өсіп, 643 млрд теңгені құрағанын жеткізді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында ғалымдардың мәртебесін көтеру және кадрлық әлеуетті нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді. Ғалымдардың жалақысы 2 есе өсті. Орташа – 257 мың теңге, ең жоғары – 1,5 млн теңге. Заңнаманы жетілдіру және ғылымды дебюрократизациялау шеңберінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құрылды, экономиканың стратегиялық салалары бойынша ғылыми-технологиялық дамудың салалық жол карталары қабылданды», – деді министр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі