Ғылым және жоғары білім министрі ҚазҰУ Баспасөз қызметінің жұмысымен танысты

27 тамыз, 2023

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпарат және коммуникациялар департаментінің қызметімен танысты.

Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры Қаншайым Байдәулет департамент құрамына кіретін Баспасөз қызметі басқармасының, «Farabi University» сайтының, «Farabi Media» телестудиясының, «Qazaq universiteti» газетінің, Ақпарат және мониторинг секторының жұмысына тоқталды.

Ректор Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен университеттің Баспасөз қызметі қайта құрылып, заманауи үлгіде жасақталған. Жаңа телестудия құрылып, түсірілім бөлмесі, дыбыс жазу және монтаждау бөлмесі қажетті техникалармен жабдықталып, пайдаланылуға берілді.

 

Барлық бөлмелер мен дәлізге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, есік-терезелер, жылыту жүйелері ауыстырылды. Қабырғалары қайта сыланып, заманауи әрленді. Еден төсеніштері (ламинат) мен жарық беруші шамдар орнатылды. Электр көздері, интернет желілері қайта жүргізілді. Журналистер тиісті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жиһаздар жаңартылды.

Министр Саясат Нұрбек алдымен «Qazaq universiteti» газеті» басқармасының қызметімен танысты. 2022 жылдың қаңтар айында «Qazaq universitеti» газеті республикалық мәртебеге ие болып, «Қазпошта» каталогына енді. Газетке жазылу үшін Halyk bank QR қосымшасы арқылы төлем жасау жүйесі іске қосылды. Қазіргі таңда жазылушылар саны артып, басылым еліміздің әр өңіріне тарала бастады. Газеттің дизайны түбегейлі өзгертіліп, «Көшбасшылық дәріс», «Кемел», «Инновация», «Білім интеграциясы, «Менің университетім», «Студенттер айнасы» сияқты түрлі жаңа айдарлар ашылды.

Министр одан кейін «Farabi Media» телестудия басқармасының жұмысымен танысты. Студия телевизиялық бағдарламалар мен деректі фильмдерді түсіруге арналған. Қазіргі сәтте «Farabi Media» ютуб арнасы арқылы тарату үшін «Ойталқы», «ҚазҰУ-дың инновациялық жобалары», «Аптаның айшықты оқиғалары», «ҚазҰУ ғалымдарының дәрістері», «Талапкер», «Подкаст» және т.б. телебағдарламалар түсіріліп, көпшілік назарына ұсынылуда.

Министрге Ақпарат және мониторинг секторы атқарған жұмыстар да баяндалды. Аталған сектор университетте өтіп жатқан маңызды шаралар бойынша күнделікті баспасөз хабарламасын таратып, жарияланған ақпараттарға мониторинг жасап, сараптама әзірлейді. Сонымен қатар «Farabi.University» сайты басқармасында оқу орнының заманауи үлгіде жасалған жаңа сайты да таныстырылды. Бүгінде әлеуметтік желілердегі ресми парақшалардың дизайны ауысып, оқырмандар санын арттыруға күш салынуда.

Биыл Журналистер күні қарсаңында 3 қызметкер «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Саясат Нұрбек министрліктің Баспасөз қызметімен тығыз қарым-қатынаста бірлесіп жұмыс атқарып отырған ҚазҰУ-дың Ақпарат және коммуникациялар департаментінің қызметіне оң баға беріп, шығармашылық ұжымға табыстар тіледі.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі