ҚазҰУ журнал Scopus базасына қабылданды

28 тамыз, 2023

«Physical Sciences and Technology» журналы – физика ғылымдары мен техника саласындағы ғылыми әлемнің соңғы жетістіктері мен өзекті мәселелерін жариялайтын халықаралық журнал. Журнал 2014 жылдан бастап шығарылады және журналдың редакциялық алқасын жетекші қазақстандық және шетелдік ғалымдар құрайды. Scopus-пен қатар журнал EBSCO, DRJI, DOAJ және тағы сол сияқта басқа да ғылыми-метрикалық деректер қорларында индекстеледі. Журналдың жарияланымдарына беделді халықаралық конференция материалдары және рейтингі жоғары ғылыми журналдар сілтеме жасайды.

Scopus Сараптамалық кеңесінің іріктеу саясатына сәйкес, халықаралық аудиторияға қатысты журналда ғылыми мақалаларды жариялау журналды дерекқорға енгізудің маңызды және шешуші критерийі болып табылады. «Physical Sciences and Technology» журналы зерттеу саласына академиялық үлес, Scopus журналындағы мақалаларға сілтеме жасау, редакторлар мен авторлардың географиялық таралуы, жариялау этикасының анық және ашық болуы сияқты тағы басқа бағалау критерийлері негізінде талданып индекстеу базасына таңдалған.

Scopus – ғылыми басылымдардағы мақалаларға сілтеме жасау деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін әлемдегі ең үлкен деректер базасы. Деректер базасында жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, технология, медицина және өнер саласындағы халықаралық баспалардың 45 000-ға жуық басылымдары бар. Scopus деректерінің сапасын ғылыми-зерттеу жұмысын бағалау үшін дерекқорды пайдаланатын жетекші университеттер мен ғылыми ұйымдар, сондай-ақ әлемдік университеттер рейтингісінің рейтингтік агенттіктері мойындайды.

Журналдың беделді ғылыми-метрикалық деректер базасына енуі университет пен жалпы қазақстандық ғылымның әлемдік ғылыми кеңістікке одан әрі интеграциялануының көрсеткіші болып табылады.

Ғылым және басылым  белсенділігі басқармасы