ҚазҰУ ректоры Мұхиттин Шимшекпен кездесті

29 тамыз, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қ.А.Ясауи атындағы  Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңес төрағасы, профессор Мұхиттин Шимшекпен кездесті.

Жүздесуде университет басшысы құрметті қонаққа ҚазҰУ-дың жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат беріп, оқу ордасының ғылыми инфрақұрылымымен таныстырды.

Сұхбат барысында әріптестер ғылыми серіктестікті арттыру бойынша пікір алмасты.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеу мәртебесін алғаннан кейін ғылымға басымдық беру бағыттарын күшейтуде. Бүгінде университет ғалымдары 100 инновациялық жоба әзірлеп шықты.  Қазіргі таңда ғылыми жобаларды ілгерілету және коммерцияландыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар студенттер дайындаған стартаптар бар. Университетте 16 факультет, 8 ғылыми-зерттеу институты, 29 ғылыми орталық пен Ғылыми-технологиялық паркі жұмыс істейді», – деді ректор.

Өз кезегінде Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңес төрағасы, профессор Мұхиттин Шимшек серіктестікті дамытуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынын жеткізді.

Кездесуден соң құрметті мейман ҚазҰУ музейі мен Жағдаяттық басқару орталығын аралап, қызметімен танысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі