Қазақстан Республикасының Конституциясы күні құтты болсын!

30 тамыз, 2023

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант, докторанттары!

Сіздерді Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында:

«Жалпыға бірдей жол ашатын Әділетті Қазақстанды құру үшін Конституция қағидалары қатаң сақталып қана қоймай, қоғамның сана-сезіміне біржола орнығуға тиіс. «Адал азамат» деген атқа лайық әрбір адам Ата заңның биік мұраттарын қолдайтынына және оны өмірлік ұстанымына айналдыратынына нық сенімдімін» - деп атап өтті.

Әр мемлекеттің іргесі берік, тұғыры мықты болуы Конституциясына байланысты. Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жылы 5 маусымда Конституциямызға заман талабына сай өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бүкілхалықтық референдум арқылы мемлекетіміздің саяси дамуының түбегейлі жаңа бағыты айқындалды. Бұл ретте 1995 жылғы Ата заңымыздың демократиялық қағидалары сақталды.

Конституцияда белгіленген саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылым қағидаттары әділетті қоғам мен қуатты мемлекеттің айнымас тұғырына айналды. Тәуелсіздігімізді айғақтайтын басты құжат арқылы егемен елімізде қоғамдық-саяси бірлік пен ынтымақ, келісім мен тұрақтылық қалыптасты. Бүгінде конституциялық реформаларды іске асыру, қоғамды демократияландыру, адам құқықтарын қорғау мәселелеріне ғылыми көзқарас қалыптастыру маңызды. Бұл бағытта университетіміздің оқытушы-ғалымдары, құқықтық білім алып отырған жастары мен жалпы білім алушылар белсенділік танытады деп сенемін.

Мерейлі мерекеде сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, қоғам игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Еліміздің келешегі жарқын, тұғыры биік болсын!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің Басқарма Төрағасы — Ректоры

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ