ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің төрағасы А.Т.Рахимовтың көшбасшылық дәрісіндегі сөзі

29 тамыз, 2023

Құрметті әріптестер, білім алушы жастар!

Бүгін біздің университетімізге Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің төрағасы Рахимов Арман Тастемірұлы көшбасшылық дәріс оқуға арнайы келіп отыр.

 

Құрметті Арман Тастемірұлы!

Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіз!

Әріптестерімнің атынан сізге уақыт тауып, ақпарат бөлісуге ниет білдіріп келгеніңіз үшін алғысымды білдіремін.

***

Бүгінде сыбайлас жемқорлық қоғамның ең өзекті мәселесіне айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте:

«Бізде жемқорлыққа қарсы күресте қару бола алатын мықты мемлекеттік институттар бар.

Біздің қоғам жемқорлықпен ымырасыз күресуге дайын.

Біздің елді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоспарларымыз жемқорлықты түбегейлі жойған жағдайда ғана жүзеге аспақ», – деп атап өткен болатын.

Сыбайлас жемқорлық – толыққанды жойылмай келе жатқан қоғам кеселі.

Оның себеп-салдары қандай, мемлекетке келтіріліп отырған шығыны қанша, адалдық психологиясын қалай қалыптастырамыз?

Әрбір саналы азамат бұл дерттің қоғамға таралу жолдарын кесіп, жемқорлықтың терең тамыр жаюына қарсы тұруы керек.

Кез келген азамат Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

Осы мәселелер мамандардың араласуымен ғылыми тұрғыда сарапталуы тиіс.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жастармен идеологиялық жұмыс жүргізу – ең маңызды мәселе.

Бұл бағытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арнайы іс-шаралар жоспарын бекітіп, жүйелі жұмыстар атқарып келеді.

Университетте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар» ғылыми-зерттеу институты  құрылған.

Институт сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша ғылыми-білім беру кластері шеңберінде жұмыс істейді.

ҚазҰУ алғашқылардың бірі болып «Адалдық дүкені», «Парасат» өнегелік мектебін ашты.

«Sanaly urpaq» республикалық жобалық кеңсесімен бірлесіп студенттерге арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектебі» ұйымдастырылды.

ҚазҰУ-да «Sanaly urpaq» республикалық жобалық кеңсесі мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар» ҒЗИ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында әдістемелік ұсынымдар әзірленді.

 Университеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты, Академиялық адалдық кодексі, университеттің комплаенс қызметі туралы ереже әзірленіп енгізілді.

Университеттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясы туралы ереженің жобасы даярланды.

Бүгінгі кездесуде қажетті ақпараттар беріліп, пайдалы ұсыныстар айтылады деп ойлаймын.

Келесі сөз көшбасшылық дәріс оқу үшін

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің төрағасы Арман Тастемірұлы Рахимовқа беріледі.