Қазақстан халқының тілдері күні құтты болсын!
Құрметті Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант, докторанттары!
Сіздерді Қазақстан халқының тілдері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен орайлас мерекенің әрбір қазақстандық үшін маңызы зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны. Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде.
Тіл – өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деп атап өткен болатын.
Тіл тағдыры – бүкіл мемлекеттің тағдыры.
Тіл мәселесі – қазақ қоғамына ғана емес, түркі әлеміне ортақ мәселе.
Университетіміздегі Қазақ тіл білімі кафедрасы Ахмет Байтұрсынұлы есімімен аталады.
Ұлтымыздың ұлы ұстазы өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақ университетінде оқытушы болып, білімді шәкірттер тәрбиелеген.
Ана тіліміздің байлығын сақтап, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруда тіл мамандары елеулі үлес қосуы тиіс.
Мемлекеттік тілді зерттеу ұлттық болмысымызды терең тану үшін өте маңызды.
Тіл – қатынас құралы ғана емес, ақпарат алмасудың, білім берудің кілті.
Алдымызда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, мемлекеттік тілді ғылым тілі ретінде дамыту мақсаты тұр.
Бұл бағытта ғылыми қауымдастыққа үлкен жауапкершілік жүктелуде.
Жаңа, әділетті Қазақстанды өркендетіп, ұлттық мемлекет қалыптастыруда ана тіліміздің мәртебесі биіктеп, абыройы арта берсін!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ