ҚазҰУ ҚХР жоғары оқу орындарымен келісім жасады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қытай университеттерінің басшыларымен өткен жиынға қатысып, оның нәтижесінде өзара тиімді ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдер жасалды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ҚХР-дың 50-ден астам жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. 2019-2022 оқу жылдарында ҚазҰУ-дың 79 білім алушы жастары академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Қытай университеттерінде тағылымдамадан өтті. Оқу орнында Конфуций институты және Қытайтану кафедрасы жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары барысында ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын құру туралы келісімге қол қойылды.
ҚазҰУ Қытай университеттерімен серіктестікті жалғастыруда. Кездесу барысында университет ректоры Жансейіт Түймебаев ҚХР ЖОО басшыларымен ғылым және жоғары білім саласындағы байланыстың келешек бағыттарын талқылап, бірқатар бағдарламалық құжаттарға қол қойды.
Атап айтқанда, (ҚХР) Солтүстік-батыс политехникалық университетімен академиялық бағдарламаларды іске асыру, «Бір белдеу – бір жол» электрондық коммерция саласында таланттарды даярлаудың бірлескен орталығын құру туралы келісімдер жасалды. Оның аясында ҚазҰУ студенттері үшін Қазақстанда, Қытайда да қысқа мерзімді оқу бағдарламаларын ұйымдастыру қолда алынбақ. Жыл сайын ғалымдармен тәжірибе және студент алмасу, компьютерлік ғылымдар, электрондық коммуникациялар, электрондық коммерция маркетингі саласындағы зерттеу ынтымақтастығы, сондай-ақ бірлескен семинарлар, шеберлік сағаттары және басқа да академиялық іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Сондай-ақ академиялық байланыстарды нығайту және оқыту мен ғылыми зерттеулер деңгейін одан әрі арттыру мақсатында жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын Солтүстік-батыс саясат және құқық университетімен (ҚХР) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі