ҚазҰУ-да балалар бұрышы ашылды
10 қыркүйек - Халықаралық отбасы күніне орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде балалар бұрышы ашылды.
Бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының сапалы білім және Тұрақты даму мақсаттарының - 5 бағыты аясында жүзеге асып отыр.
Балалар бұрышы жақында ана атанған студент қыздардың курстық дәрістен қол үзбей, ары қарай білімін жалғастыруға мүмкіндік береді.
“Біздің студент аналарымыздың дәріс тыңдап, емтихан тапсыруына және мәдени шаралар мен ғылыми жобаларға еркін қатысуына қолайлы жағдай жасап отырмыз. Студент аналар өз балаларын осы орталықта тамақтандырып, жөргегін ауыстырып, уақытша ойната алады. Балаларды қарап, алдандыра тұруға белсенді, ерікті студенттер көмектеседі. Сондай-ақ қажет жағдайда факультетте жұмыс істейтін оқытушы жас аналар да пайдалана алады, – дейді Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі Қарлығаш Рақымжанқызы.
Балалар бұрышында түрлі ойыншықтар мен танымдық кітапшалар қойылып, қабырғалар жануарлар бейнесімен безендірілген.
Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоршаулармен қоршалған.
“Үйде бала қарайтын адам болмаған жағдайда баламды университетке алып келуге мәжбүрмін. Енді осындай сәттерде баламды осы орталықта қалдырып, дәріске қатысуға жағдай жасалып отыр. Бұл жас аналардың қатар құрбыларынан қалмай және бала өскенше үйде отырып қалмай мамандық алуына үлкен септігін тигізеді”, - дейді ҚазҰУ докторанты Қымбат Тағайбек.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі