- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ мен Шанхай саяси-заң университеті ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
ҚазҰУ мен Шанхай саяси-заң университеті ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
Қытай Халық Республикасында Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдерінің заң университеттері қауымдастығының форумы қарсаңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Шанхай саяси-заң университетінің ректоры Лю Сяохунмен кездесті.
Жүздесуде ҚазҰУ ректоры университеттің қызметі мен жоспарлары туралы айтып, ҚХР жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың стратегиялық маңыздылығына назар аударды. Сондай-ақ ректор Лю Сяохун ханымға арнайы ұйымдастырылған форум үшін алғыс білдірді.
Бүгінде ҚазҰУ ҚХР-дың 50 жоғары оқу орны және ұйымдарымен ынтымақтастық орнатқан. Бірқатар стратегиялық құжаттарға қол қойылды. Атап айтсақ, ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу бойынша ынтымақтастық туралы келісім; Қытай – Қазақстан бірлескен қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасын Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының География және экология институтымен ынтымақтастық құру туралы келісім; Солтүстік-батыс политехникалық университеті мен ҚазҰУ арасында «Бір белдеу – бір жол» электрондық коммерция саласындағы таланттарды даярлау орталығын бірлесіп құру туралы келісім. Шэньчжэнь университеті және басқа да ЖОО-лар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
2019-2022 оқу жылдарында ҚазҰУ-дың 79 білім алушы жастары академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша ҚХР университеттерінде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтіп, ондағы жазғы мектептерге қатысты. Бүгінде ҚазҰУ-да 401 қытайлық студент білім алады. Университетте шығыстану факультеті жанындағы Қытайтану кафедрасы, Конфуций институты жұмыс істейді.
Жүздесу аясында тараптар екі ел арасындағы құқықтық зерттеулерді тереңдетуге, халықаралық жария құқық, гуманитарлық және техникалық бағыттар бойынша қосдипломды білім беру бағдарламаларын іске асыруға, қос жоғары оқу орнының ғылыми мектептері арасында құқықтық зерттеулер саласында бірлескен ғылыми семинарлар ұйымдастыруға бағытталған ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жол картасын бірлесіп әзірлеу мәселелерін қозғады.
Кездесу соңында ҚазҰУ мен Шанхай саяси-заң университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі