ҚазҰУ ғалымдарының Шыңжаң медицина университетіне іс-сапары

18 қыркүйек, 2023

БҰҰ қабылдаған Тұрақты Даму мақсаттарының 3-бағытында атап өтілгендей, салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және кез келген жастағы әрбір адамның әл-ауқатына ықпал ету тұрақты дамудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Осыған байланысты медициналық дәрі-дәрмектерді іздестіру және оларды зерттеу, заманауи және дәстүрлі емдеу әдістерді қолдану және басқасы қоғам алдында тұрған негізгі мәселелер болып табылады.

2023 жылғы 18 қыркүйегінде ҚазҰУ-нің Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректор Ж.Н. Айтжанова медицина саласында білім беретін ірі ұйымдардың бірі болып табылатын Шыңжаң медицина университетінің ректоры, профессор Хаджар Акбар Айсамен кездесті.

Кездесу барысында екі тарап магистратура мен докторантурада деңгейлері бойынша мамандарды бірлесіп даярлау, қос дипломдық бағдарламаларды әзірлеу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және ғылыми іс-шаралар өткізу туралы бағытта жұмысты жалғастыруға келісті.

Үрімші қаласында орналасқан Шыңжаң медицина университеті Шыңжаң өлкелік және министрлік бөлімдері бірлесіп құрған жалғыз медициналық жоғары оқу орны болып табылады. 28 мамандық бойынша білім беретін оқу орны 25 колледжден тұрады.