ҚазҰУ-да ESCAS аймақтық конференциясы өтті

25 қыркүйек, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Үздіксіз дамудағы Орталық Азиядағы билік, адамдар және мәдени өзгерістер» атты Еуропалық Орталық Азия зерттеулер қоғамының (ESCAS) аймақтық конференциясы өз мәресіне жетті.

Екі күндік конференция аясында 8 сессия, 2 пленарлық жиын, 49 панельдік пікірсайыс алаңдары жұмыс істеді. Шараға Орталық Азия, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Швейцария, Швеция, Франция, Финляндия, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістаннан тарих, мәдениет, экономика және саясат саласын зерттеуші 300-ге жуық ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Ғалымдардың басын қосқан ғылыми жиынның тақырыбы жаһандық трендтерді талдау, тұрақсыз әлемде орын алатын сын-қатерлер мен Орталық Азиядағы негізгі үрдістер мен оқиғаларды бағалау болды. Сарапшылар геосаясат, Орталық Азия көші-қоны, дін, мәдениет, медиа саласындағы білім беру мен медиа сауаттылық, гендерлік теңдік, урбанизация, білім беру салаларындағы саяси институттарды трансформациялау бойынша зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ ғалымдар тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге баса назар аударды.

Конференция барысында Индиана университетінен Татьяна Сабурова (Блумингтон, АҚШ) конференция ЕО-ға әлеуметтік-саяси және мәдени мәселелерді шешуде ОА аймағына өзінің берік міндеттемесін қайта жариялауға мүмкіндік бергенін атап өтті. 

«Орталық Азияны зерттеу жөніндегі Еуропалық қоғам – 1000-ға жуық мүшені біріктіретін және Орталық Азия туралы білімді еркін және ашық таратуға ұмтылатын саяси емес, коммерциялық емес халықаралық академиялық қауымдастық. Біз бүкіл әлемдегі ғалымдар мен студенттердің белсенді өзара іс-қимылына бағытталған жаһандық қауымдастықпыз», – деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар сарапшылар Орталық Азияның қауіпсіздігі және аймақтағы жанжалдардың алдын алу мәселелерін талқылады.

Жас зерттеуші докторанттар үшін әлеуметтік ғылымдар бойынша ғылыми журналдардың эволюциясына, Web of science Scopus журналдарында мақала жазу тәжірибесіне қатысты негізгі жиындар да өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасы КИМЭП университеті және Қазақстан-Германия университетімен (DKU) бірлесе ұйымдастырған шара ғалымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен ғылыми жарияланымдар жазуға, Орталық Азияны зерттеу шеңберінде халықаралық деңгейде жаңа зерттеу жобаларын құруға мүмкіндік берді.

Конференция соңында Еуропалық Орталық Азия зерттеулер қоғамының (ESCAS) президенті, профессор Абель Полезе Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі