ҚазҰУ-да ТДМ бойынша дәріс өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде XCSS-CROSS COUNTRY SKIING SAND (Франция, Париж) компаниясының президенті Эстель Пейен көшбасшылық дәріс оқыды.
«Қазақстанның мұрасын сақтау үшін спорт және ынтымақтастық құндылықтарын, тұрақтылық пен қоғамдастықтың климатқа бейімделуінің негізгі элементтерін ілгерілету: «Climate can't wait» XCSS жобасының мысалында» атты дәріс тақырыбы БҰҰ-ның ТДМ-ға қол жеткізуге бағытталған бастамаларына арналды.
Шара барысында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова құрметті қонақты қатысушыларға таныстыра отырып, жуырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитіне қатысқанын атап өтті.
«Президент өз сөзінде: «Орнықты даму қағидаттары біздің негізгі ұлттық стратегияларымыз бен бағдарламаларымыздың өзегіне айналды. Мемлекет бюджетінің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сай келеді», – деген болатын. Ортақ тұрақты болашаққа қол жеткізу әрбір қоғам үшін басым бағыт болып табылады және бірлескен күш-жігерді талап етеді. Бүгінгі дәріс бәріміз үшін өзекті», – деді проректор.
Эстель Пейен – «Агроазық-түлік өнеркәсібі менеджменті» мамандығының магистрі. Спорттық тамақтану және қоректік заттардың фармакологиясы бойынша сертификатталған маман, тамақтану, денсаулық, өнімділік, экспедициялар туралы мақалалардың авторы. Дәріскер ҚазҰУ басшылығы мен ұжымына жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, адамзаттың шұғыл араласуын талап ететін экожүйенің негізгі мәселелері туралы айтып берді. Xcss-cross country Skiing Sand компаниясы бүгінде климаттың өзгеруі туралы ақпарат таратуды арттыруға және климаттың өзгеруіне қарсы шешім табу бойынша жұмыс істейді.
Компания өкілдері биыл Мароккода болып, жоба аясында елдің экожүйесін зерттеп, экологиялық мәселелерді шешуге ықпал ететін бірқатар маңызды шараларды ұсынды. Кездесу барысында Эстель Пейен су тапшылығына баса назар аударды. Бүгінде 2 миллиардтан астам адам ауызсу ресурстарының жетіспеушілігін сезінуде. Өз сөзінде лектор осы түйткілді мәселені әлемдегі барлық ел бірге ақылдасып, шешу қажет екенін жеткізді. Су тапшылығы, климаттың өзгеруі, құрғақшылық Қазақстанды қоса алғанда, көптеген елдерде орын алуда. Эстель Пейен аймақтың немесе ауылдың экожүйесін сақтау үшін табиғат пен адамға зиян келтірмейтін ұлттық жергілікті технологияларды қолдану маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ дәріскер спортпен шұғылданып, экотуризмді дамыту маңызды екенін айтты. Компания жобасының үшінші кезеңі алдағы жылы Қазақстанның Балқаш көлі аумағындағы аудандарда жалғасады. Бұл жұмыстар экотуризмді ілгерілетуге және климаттың өзгеруіне бейімделу үшін шалғай аудандардың пайдалы мүмкіндіктерін көрсетуге бағытталған.
Спорт адамдарды табиғат пен ресурстарды сақтаудың жаңа әдістерін табуға және ынталандыруға көмектеседі. Дәріскер айтқандай, XCSS «Climate can't wait» жобасы БҰҰ-ның ТДМ үшінші бағыты – жақсы денсаулық пен әл-ауқатқа қол жеткізуге бағытталған жаһандық бастамасының бөлігі болып табылады, бесінші бағыты – гендерлік теңдік, алтыншы бағыты – таза су және санитария, он үшінші бағыты – климаттың өзгеруіне қарсы күрес, он бесінші бағыты – құрлық экожүйелерін сақтау. Жоба 2023 жылы Астана қаласында өткен су тапшылығы проблемасына арналған Астана халықаралық форумында ұсынылды.
Дәріс соңында Эстель Пейен студенттер мен оқытушылардың сұрақтарына жауап берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі