ҚазҰУ Жапонияның София университетімен байланысын күшейтеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры Жансейіт Түймебаев Жапонияға жұмыс сапары аясында София университетінің президенті, профессор Терумичи Есиакимен кездесті. Тараптар ғылыми-зерттеу жұмыстары және академиялық ұтқырлық бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Терумичи Есиаки ҚазҰУ ректорын қарсы ала отырып, София университетіне келгені үшін ризашылығын білдірді. Өз сөзінде оқу ордасының президенті София университеті туралы ақпарат беріп, қызметімен таныстырды.
«София университеті - Токиодағы жеке зерттеу университетінің бірі. Білім ордасы 1913 жылы ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Қазіргі таңда университетте 20 мыңға жуық студент білім алуда. Оның 2 мыңға жуығы шетелден келген студенттер. Біздің оқу ордамызда техникалық, ғылыми, экономикалық және гуманитарлық бағытындағы білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. ҚазҰУ-мен аталған бағыттар бойынша қарым-қатынасты күшейтуге барлық мүмкіндігіміз бар», - деді Терумичи Есиаки.
Кездесуде Жансейіт Түймебаев жапондық әріптестерге Фараби университетінің жетістіктері, жоспарлар мен даму бағыттары туралы айтты. Сонымен қатар ҚазҰУ ректоры екі университет арасындағы серіктестік ғылыми бағытты дамытуға және оқытушылар мен студенттер арасында тәжірибе алмасуға ықпал ететінін атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі