ҚазҰУ Далянь университетімен (ҚХР) келісім-шартқа қол қойды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Далянь университет делегация келді. Күн тәртібі бойынша, университет басшылығы мен Қытайдан келген қонақтардың кездесуі екі университеттің мүмкіндіктері мен болашаққа жоспарлары жайында әріптестік орнату туралы болды.
Іс-шараға ҚазҰУ-дың бірінші проректоры М. Бүркітбаев, шығыстану және халықаралық қатынастар факультеттерінің декандары, қытайтану кафедрасының меңгерушісі, ректораттың ШЫҰУ директоры және Далянь университетінің шет тілдер жөніндегі профессоры Рэн Суемей, қытайтану мектебінің директоры Ли Чунджи қатысты.
Кездесуде алғы сөз алған Мұхамбетқали Бүркітбаев қонақтарды қарсы алып, ҚазҰУ-дың жетістіктері мен қызметі жайында толық таныстырды. Халықаралық мәселелер төңірегіне кеңінен тоқталып, соның ішінде қытайлық университеттермен байланыс жайында да айта кетті.
«Біздің университет Қытай университеттерімен жақсы академиялық байланыс орнатқан. ҚазҰУ ҚХР-дың 18 университетімен әріптес, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асырып, маман даярлайды. Біз барлық бағыттар бойынша өзара тиімді серіктестік қарым-қатынастарды дамытуға тырысамыз», - деді бірінші проректор.
«Далянь университетінің негізгі қызметі әлем тілдерін зерттеу болып табылады. Факультеттерде әлемнің әртүрлі тілдерін зерттеуге арналған орталықтар бар, және біз Қазақстанда да солай жасасақ дейміз. Әрине, ол біздің университеттер арасындағы жұмысымыздың нәтижесін береді», - деді Рян Суемей ханым.
Кездесу соңында екіжақ студенттер мен оқытушыларды академиялық алмасу келісім-шартына қол қойып, бірлескен ғылыми конференциялар мен жобалар жасауға келісті.