ҚазҰУ-да Израиль делегациясы қонақта болды

14 наурыз, 2015

Кездесу барысында университет басшылығы Израильден келген қонақтармен ғылыми-білім берудегі әріптестіктің дамуына қатысты мәселелер қаралды.

Іс-шараға ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов, проректорлар, факультет декандары, Израиль елінің сыртқы істер министрлігі бас директорының орынбасары Цви Рав-Нэр, ҚР-дағы Израильдің Төтенше және өкілетті елшісі Элияу Тасман және «Евразия» департаменті басшысының кеңесшісі Михаэль Бродски қатысты.

Ғалым Мұтанов қонақтарды ҚазҰУ жұмысымен және жетістіктерімен таныстырып, оның әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуы жайында айтты. Халықаралық әріптестіктің кеңеюі, ҚазҰУ-дың әлемнің жетекші университеттерінің озық тәжірибелерін зерттей келе жаһандық ғылыми-зерттеу кеңістігіне белсенді түрде интегралдануы университет жұмысының негізгі бағыты болып келетіндігіне тоқталды.

«Біздің университет өзара ыңғайлы әріптестікке дайын, біз сіздердің ұсыныстарыңызды қарауға және өз тәжірибемізбен бөлісуге де дайынбыз. Бірінші қадам ретінде студенттер мен оқытушыларды академиялық алмасу жасасақ болады. Израильдік университеттердің жоғары технологиялар, медицина мен экономика салаларында әлемдегі ең озық деп танылуын ескерсек, бізге сіздермен бірлесе ғылыми жобалар бойынша жұмыс жасау үлкен қызығушылық тудырып отыр», - деді ҚазҰУ ректоры.

Цви Рав-Нэр өз кезегінде Қазақстанның жетекші оқу орнына келгеніне қуанышын білдіріп, ҚазҰУ туралы барлық ақпаратты израильдік университеттерге жеткізуге дайын екенін айтты. Сонымен қатар, екіжақты ғылыми-білім берудегі байланыстың дамуына барынша көмектесуге әзір екенін жеткізді. «Қазақстен мен Израиль ғылым мен білім беру ісі бойынша келешекте әріптестік жасауға жақсы мүмкіндіктерге ие. Себебі, біздің елдерде академиялық дамуға деген көзқарас ұқсас», - деді израильдік дипломат.

Кездесу соңында екіжақ әріптестікті дамытуға жұмыс істеуге, ұсыныстарды белсенді түрде қолдауға дайын екендерін жеткізді.