Әл-Фараби Бизнес мектебі цифрлық қолтаңба жобасын іске асыруда
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Әл-Фараби Бизнес мектебі MBA және DBA бағдарламалары бойынша білім беру қызметтерін көрсету туралы келісімшарттарға инновациялық жүйе арқылы онлайн қол қою жүйесін енгізуді бастады.
Аl-Farabi Business School Blockchain технологиясын қолдана отырып, 90 секундта SMS/цифрлық қолтаңба арқылы онлайн келісімшарттарға қол қою қызметін ұсынуда. Сервис жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 152-бабына сәйкес, бюрократиялық тосқауылдарды жойып, онлайн форматта қол қою мүмкіндігін береді.
Қағаз түріндегі құжаттарды алмастыратын заңды және қауіпсіз цифрлық жоба Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бекітілген.
Бұл инновациялық шешім бюрократиялық кідірістерді азайтады және бизнес-процестерді жылдамдатады, осылайша студенттер әлемнің кез келген нүктесінен құжаттарға қол қоя алады, бұл оқуға қабылдау процесін тезірек және қолжетімді етеді.
Al-Farabi Business School студенттерге заманауи және тиімді білім беру тәжірибесін ұсыну үшін үнемі жаңа технологияларды енгізуде ілгері қадамдар жасай бермек.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі