Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған конференциядағы сөзі

3 қазан, 2023

Құрметті Аида Ғалымқызы!

Мереке Әбдешұлы!

Қадірлі қонақтар, қаламгерлер!

Қазақ әдебиеті мен қазақ журналистикасында  көрнекті қаламгер Кемел Тоқаевтың алатын орны ерекше.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

Әкесі туралы былай деп еске алады:

«...Университетке түсу ауыр да азабы көп өмірінің ең бақытты шағы болғанын әкем үнемі айтып отыратын. Бұл түсінікті де еді. Себебі 22 жылдың ішінде оның көңілінде алғаш рет болашағының жарқын болатынына деген үміті оянды.

Кез келген перзент ата-анасын кие тұтады. Ол үшін әке-шешесі тұтынған әрбір зат қастерлі.

Мен үшін де әкем жазған кітаптар соншалық бағалы, қымбат.

Ол кісіні сағынғанда сол кітаптарды қолыма аламын, бала кезімде оқыған, кейін қайталаған сол шығармалардың әр-әр тұсына көз жүгіртемін.

...Ешкім оқып жазушы болмайды. Жазушылық – Жаратқанның берген сыйы. Сол сыйдың қадір-қасиетін біліп, соған лайық еңбек ете білген адам ғана дегеніне жетеді».

Биыл жазушының 100 жылдық мерейтойына орай, елімізде мазмұнды іс-шаралар атқарылуда.

Жазушылар одағының бастамасымен өтіп жатқан бүгінгі жиынның мағынасы терең, ауқымы кең.

Қаламгер мерейтойының өз ортасында аталып өтуінің  маңызы зор.

Конференция жұмысы нәтижелі зерттеулер мен терең талдауларға ұласады деп ойлаймын.

Бұл бағыттағы жұмыстарға  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары да белсенді атсалысуда.

Біздің ортақ мақсатымыз – Кемел Тоқаевтың шығармашылық мұрасын жаңаша зерттеу.

Ұлт руханияты үшін атқарған қайраткерлік еңбегі мен ғибратты ғұмырын насихаттау.

Қаламгер мұрасын Қазақстанда ғана емес, жалпы түркі әлеміне наихаттау.

Осы мақсатта 22 қыркүйек күні Түркияда «Кемел Тоқаев – қоғам қайраткері, көрнекті жазушы, белгілі журналист» атты халықаралық конференция өткіздік.

Ыстамбұлда өткен конференцияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың түрік тіліне аударылған «Әке туралы ой-толғау» кітабы таныстырылып, тұсауы кесілді.

Бұл кітап Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлы басқаратын «Бенгу» баспасынан жарық көрді.

Кемел Тоқаев біздің университетіміздің түлегі екенін ерекше мақтан тұтамыз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – өзіндік шеберлік мектебі қалыптасқан, ұлттық журналистиканың ұстаханасы.

Журналистика факультетінен елімізге белгілі майталман тұлғалар өсіп шықты.

Кемел Тоқаев – осы үлкен мектептен тәлім алған қайраткер түлегіміздің бірі де бірегейі.

Мерейтой аясында қаламгердің өзі оқыған журналистика факультетінде Кемел Тоқаев атындағы оқу аудиториясын ашқалы отырмыз.

Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды 4 қазан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтетін қаламгер аудиториясының ашылуы мен кітаптың тұсаукесеріне арнайы шақырамын.

Кемел Тоқаев өз шығармалары арқылы әділетті адамдар образын қалыптастырды.

Әр шығармасында адамгершілікті насихаттап, гуманистік идеяларды көтерді.

Бүгінгі жаңа, әділетті қоғам қалыптастыруға ұмтылған ұрпақ осындай мазмұнды дүниелерден тәлім алуы керек деп ойлаймын.

Конференция жұмысына табыс тілеймін.