«Студенттік көктем-2015» көркемөнерпаздар фестивалінің «Халықтар достастығы» атты би байқауының финалдық концерті өтті

17 наурыз, 2015

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Студенттік көктем-2015» көркемөнерпаздар байқауының би номинациясы бойынша қорытынды гала-концерті Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына арналды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Дамудың сыры - бірлікте, Табыстың сыры - тірлікте». Мұратқа жолын тапқан жетеді. Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар - сол шаңыраққа шаншылған уықтар. Ортақ ордамыз - Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру - елдік мақсат. Біздің Отанымыз - ортақ, тілегіміз - бір, мақсатымыз - жалғыз. Ол - жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Қазақстан!» деп атап өткен еді. Сондықтан, аталған іс-шара «менің елім – Мәңгілік ел» деген атаумен Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер Сарайында Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассаблеясының Хатшылығы мен Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту қорының қолдауымен ұйымдастырылды.

Біздің қоғамдағы тұрақтылық пен татулық, бейбітшілік пен бірлік тәуелсіз Қазақстанды қалыптастарудың түп қазығына айналған құндылықтар. Ел Президентінің саяси ерік-жігерінің нәтижесінде ұлтаралық толеранттылық пен қоғамдық жарасымның ерекше қазақстандық үлгісі қалыптасты. Сондықтан еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің, достық пен татулықтың нығаюына негіз болып отырған ерекше конституциялық орган Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына орай еліміздегі жетекші оқу орны – ҚазҰУ жастары Мәңгілік елге бастар жолдағы ұлы достық пен татулықтың құдыретін өз өнерлерімен паш етті. Байқауға алдын ала іріктеу кезеңінен өткен 14 факульттеттің ең үздік би номерлері ұсынылды. Салмақты да салиқалы әділқазылар алқасының шешімімен беларусь биін билеген болашақ математиктер мен грузиндердің лезгинкасын нақышына келтірген жас биологтар 3-ші орынды иеленді. Ал жүлделі 2-ші орынды «Үкілі қыз» атты қазақ биімен жоғарғы оқу орнына дейінгі дайындық факультетінің студенттері мен қырғыз биін ұсынған филология, әлем тілдері және әдебиеттану факультетінің студенттер өзара бөліске салды. 1-ші орынды молдаван биі үшін химия және химиялық технологиялар факультетінің ұл-қыздары жеңіп алды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Студенттік көктем - 2015» көркемөнерпаздар байқауының келесі байқаулары де еліміздің тарихындағы айтулы даталарға орайластырлып отыр. Тәуелсіз еліміздің табысы мен жетістіктерін насихаттауға бағытталған шығармашылық пен жалынды жастық жігер қоғамның тұрақты дамуының кепіліне айналмақ.