ҰСТАЗДАР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

5 қазан, 2023

Құрметті ұстаздар,
университетіміздің оқытушы-ғалымдары!

 

Сіздерді Халықаралық ұстаздар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Биылдан бастап бұл атаулы күн Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендіріліп, Үкімет қаулысымен 5 қазанға ресми түрде бекітілді.
Ұстаздар күні – білім, ғылым саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұстаз деген – қасиетті мамандық.
Бәріміз ұстазды сыйлаймыз.
Себебі ұстаз – жоғары деңгейдегі тұлға. Біз ұстазды құрмет тұтқан елміз», – деп атап өтіп, қоғамдағы ұстаз мәртебесін көтеруге ерекше мән беруде.
Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 3801 оқытушы-профессорлар құрамы табысты еңбек етуде.
Биылғы оқу жылына 10 мыңнан астам білім алушы жастарды қабылдадық.
ҚазҰУ-да, жалпы, 25 мыңға жуық жастар білім алуда.
Университетте 573 білім беру бағдарламасы іске асырылуда.
Жастарға тәлім-тәрбие мен білім беру жолында абыройлы қызмет атқарып жүрген ұстаздар қауымына, барша әріптестеріме еселі еңбектері үшін айрықша алғысымды білдіремін.
Шәкірттеріңіздің бойына жақсы қасиеттерді дарытып, ғылымға баулып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар берудегі еңбектеріңіз еселене берсін.
«Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады», - деген ұлы Абай ұлағатын өмірлік ұстанымға айналдырған сіздер қандай құрметке де лайықсыздар!
Біз сіздерді мақтан тұтып, еңбектеріңізді ерекше бағалаймыз.
Сіздерге мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, ұлағатты істеріңізге табыс тілеймін!

 
Құрметпен,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ