Түркияның Алматыдағы Бас консулы ҚазҰУ-да болды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Түркияның Алматыдағы Бас консулы Эврен Мүдеррисоғлымен кездесті.
Жүздесу барысында университет басшысы құрметті қонаққа ҚазҰУ-дың жетістіктері мен алдағы жоспары туралы ақпарат берді. Өз сөзінде ректор ҚазҰУ мен Түркия жоғары оқу орындары арасындағы байланыстар қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
«Екі бауырлас мемлекеттің ынтымақтастығы көпжақты сипатта табысты дамып келеді. Соның бірі осы ғылым мен білім саласы бойынша. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түркияның 45 жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан. Жыл сайын академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы оқытушылар мен студенттер тағылымдамадан өтіп тұрады. Бүгінге дейін Түркияның жоғары оқу орындарымен бірлесіп түрлі конференциялар, симпозиумдар, кездесулер өткіздік. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенемін», – деді ректор.
Өз кезегінде Түркияның Алматыдағы Бас консулы Эврен Мүдеррисоғлы жоғары деңгейдегі екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту қажет екеніне назар аударды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі