Үздік студенттер құрылтайына - ҚазҰУ-дың үздіктері де қатысты

15 желтоқсан, 2009

Университетіміздің студенттерінен құралған 17 адамдық делегация ел ордамыз Астана қаласына сапарлап қайтты. Бұл жолғы сапардың барысы біздің студенттер үшін ерекше мәнге ие. Олай дейтініміз, әрдәйім ел болашағы жастардың жанынан табылатын, олардың білімділігі мен біліктілігін, белсенділігі мен батылдығын бағалай білетін ректорымыз Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың тікелей бастамасымен ұйымдастырылған сәтті сапар. Делегацияның құрамы оқу ордамыздың жанынан құрылған студенттердің өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенді мүшелері: Студенттер сенаты, оның қарамағындағы Жоғарғы студенттер кеңесі, Студенттер мәжілісі және «Сұңқар» студенттер кәсіподағының төраға-төрайымдарынан жасақталды.

ҚазҰУ-дың студенттері Астанадағы сапардың алғашқы күнін, яғни, 6 желтоқсан күні Л. Гумилев атындығы ЕҰУ-дың оқу-зертханалық ғимаратында өтетін «Қамқор» студенттік волонтерлік қозғалысының форумына қатысудан бастады. Форум барысында қозғалыстың әр қаладағы жетекші көшбасшыларының бір жылдық атқарған жұмыстары төңірегіндегі қортынды есебімен таныс болды. Дәл осы күні Қазақстан Студенттер Альянсының қалалық көшбасшыларын қайта тағайындау жиналысында ҚазҰУ-дың студенттері бір ауызбен жеңіске жетті. Студенттер Альянсының Алматы қалалық көшбасшысын сайлау нәтижесінде ҚазҰУ Жоғарғы студентер кеңесінің төрайымы Садуақасова Динара аймақтық Студенттер Альянсының көшбасшы қызметіне тағайындалды. Қоғамдық шараларда басшылық қызметтерде болып келе жатқан Динараны өз саптастары ерекше бағалады. Өз-өзіне сенімді ҚазҰУ-дың белсенді студенттері Альянс жұмысын да ақсатпаймыз деп уәде етті.

Сапардың екінші күні Тәуелсіздік сарайындағы «Үздік студенттер құрылтайымен» жалғасын тапты. Құрылтайдың басты мақсаты, негізгі идеясы - «Біз - Тәуелсіздіктің құрдастарымыз! Біздің Отанымыз - Қазақстан!» атты жасөспірімдер мен жастардың форумын өткізуден туындайды. Дарынды студент жастардың мүмкіндіктерінің сапалы әлеуетін дамыту және оның азаматтық белсенділігін жоғарылату.

«Жалпы құрылтай студент жастарды біріктіруге, жоғары оқу орындары арасында достық байланыстарды нығайтуға, өзіндік ұсыныстармен жобаларды іске асыруға үлес қосу үрдісін күшейтуге бағыттайды», - деп көрсетілген форумның баспасөз мәлімдемесінде.

Алқалы жиынға университетіміздің ректоры Б.Т. Жұмағұлов та арнайы қатысты. Еліміздегі ең үздік жоғарғы оқу орындарының бірі саналатын оқу ордамыздың беделі астаналықтар үшін де айырықша болса керек. Құрылтайдың алғашқы сөзін Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі М.Н. Сарыбеков бастаса, министрден кейін сөз университет басшысы академик Бақытжан Тұрсынұлына берілді. Ду қол шапалақтаумен мінбеге көтерілген ректор құрылтайға қатысушыларды қызу құттықтады. Еліміздің білім саласындағы жетекші оқу орнының басшысы ретінде өзі басқарып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім саласына қосып отырған үлесіне айырықша тоқталды. Қонаққа қуанар қазақылық әдеппен, қонақтардан кейін сөз алған Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Б.Ж. Әбдірайым Республикамыздың түкпір-түкпірінен Астанаға келген қонақтарды құттықтады.

Ал, құрылтайға қатысып отырған отандық және шетелдік білім ордалары студенттеріне тиесілі сөзді ҚазҰУ-дың саясаттану фаультетінің студенті Құрманов Нұрсұлтан «Интеллектуалды ұлт идеясы жастар көзімен» атты баяндамасымен бастады. Бұл баяндамада білім ошағындағы істеліп жатқан іс-шаралармен, студенттер қауымына жасалып жатқан жағдайлар төңірегінде сөз қозғалды.

«ҚазҰУ-дың білім саласында бастамашылық рөлде, материалдық тұрғыдан толық қанды мүмкіндіктерге ие екенін білген өзге әріптес оқу орындарының студенттері, біздің тарапқа аса қызығушылықпен назар аударды» - дейді, делегат мүшесі, ҚазҰУ-дың «Сұңқар» студенттер кәсіподағының төрайымы, журналистика факультетнің 3 курс студенті Өмірбекова Арайлым.

Құрылтай барысында оқуы үздік, қоғамдық шараларда белсенді қызмет атқарып келе жатқан бірқатар оқу орындарының студенттері Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен марапатталды. Алғыс хат иегерлерінің арасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттерінен Өмірбекова Арайлым, Садуақасова Динара, Рахменов Еркебұландар даЖ.Қ. Түймебаевтың алғысын алып, өз еңбектерінің жемісін көрді.

Құрылтай аяқтала салысымен университетіміздің ректоры Астанаға делегат болып келген ҚазҰУ-дың белсенді студентерімен суретке түсіп естелік қалдырды. Астананың асау табиғатына келген студенттердің хал жағадайларын сұрастырып, ректор мен шәкірт арасында бүкпесіз әңгіме шертісті.

Құрылтайдан кейінгі күн тәртібінде Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының (ЮНИСЕФ) ұйымдастыруымен, Л.И. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығы және Қазақстан жастары конгресінің атсалысуымен «Біз - Тәуелсіздіктің құрдастарымыз! Біздің Отанымыз - Қазақстан!» атты жасөспірімдер мен жастардың форумы өтті. ҚазҰУ делегациясы артынан ерген жасөспірімдер мәселесі төңірегіндегі отырсқа қатысып, осы сала төңірегіндегі жаңалықтармен танысып қайтты.

Арнайы ҚазҰУ жаңалықтары үшін:

Жәнібек ҒАЛЫМ