ҚазҰУ-да воркаут алаңы ашылды

9 қазан, 2023

    Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттер қалашығында «Мықты денсаулық және әл-ауқат» Тұрақты даму мақсаттары аясында воркаунт алаңы ашылды. Бұл сыйлықты ҚазҰУ-дың заң факультеті қарашаңырақ ҚазҰУ-дың құрылғанына 90 жыл толуы қарсаңында студенттерге тарту етіп отыр.

Заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының меңгерушісі Рима Жансараева студенттер қалашығының аумағында спорт алаңының ашылуы «студенттер мен көрші жатақханалардың тұрғындары үшін дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Спор – бұл салауатты өмір салтының маңызды бөлігі ғана емес, сонымен бірге қарым-қатынас жасаудың, көңіл көтерудің және релаксацияның тамаша тәсілі», -деп атап өтті.

Дене шынықтыруға арналған бұл жаңа алаң студенттерді белсенді өмір салтын ұстануға ынталандырады, олардың денсаулығын жақсартуға және физикалық дайындығын арттыруға көмектеседі. Заң факультетінің 1-курс студенті, каратэден әлем чемпионы Төлеген Бекнар жатақхана жанынан ашылған воркаут орталығының студент жастардың спорттық белсенді орталығына айналатынына сенім білдірді. «Бұл алаң спортпен айналысу барысында командалық рухты қалыптастыруға, студенттердің әлеуметтенуіне ықпал етеді, жаңа таныстық пен достық қарым-қатынасты арттыруға мүмкіндік береді», – деді студент Төлеген Бекнар.

Алаңда спорттық тренажерлер мен жабдықтар қойылған, демалуға және әңгімелесуге арналған орындықтар бар. Осылайша, ЖОО басшылығы университетте спорттық мәдениет пен салауатты өмір салтын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Қазір университетте мыңнан астам студент айналысатын көптеген спорт секциялары бар. Студенттік спорт клубы жұмыс істейді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметі