Мароккода Әл-Фараби мұрасы ұлықталды
Рабат қаласында Әл-Фарабидің мұрасын ұлықтауға арналған «Адамзат тарихына Әл-Фарабидің қосқан үлесі» атты I халықаралық конференция өтті. Шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚР Сыртқы істер министрлігі Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ИСЕСКО) бірлесе ұйымдастырды.
Алқалы жиынға онлайн қатысқан ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев қатысушыларды шараның ашылуымен құттықтап, Шығыстың ғұлама ойшылы, ірі ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидың әлем өркениетінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталды.
Халықаралық басқосуға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің вице-министрі, ИСЕСКО ұйымына кіретін елдердің арнайы өкілдері, фарабитанушы ғалымдар мен ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.
Әл-Фараби ‒ әлемдік өркениеттің көркеюіне ықпал еткен бірігей ұлы тұлғалардың бірі. Ұлы ойшыл мұрасын әр қырынан зерделеуге арналған басқосуда ғалымдар Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының қарашаңырағында өтуінің өзіндік мәні барын айтып, ғибратты ғұламаның ой-тұжырымдары бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпағандығын атап өтті.
Халықаралық басқосу аясында ИСЕСКО жанындағы Ислам әлемі университеттерінің федерациясы мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Шара барысында ҚазҰУ-дың Әл-Фараби орталығы ұйымдастырған Шығыс ойшыл жайлы жазылған еңбектер мен фотокөрме өтіп, Әл-Фараби мұрасын зерттеуге арналған байқаулар мен зерттеулердің нәтижелері жарияланды. Сонымен қатар, ғылыми жиында ғалымдар «Әл-Фараби және оның адам философиясына әсері», «Әл-Фарабидің ғылым философиясы және саяси философия саласындағы теориялары», «Әл-Фараби музыкасының философиясы және оның эстетикасы» сынды тақырыптарда баяндама жасап, бүгінгі Әл-Фараби зерттеулерін жаңарту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі