ҚазҰУ-да Қытай-Орталық Азия жоғары оқу орындарының форумы өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасының 10 жылдығына орай Қытай-Орталық Азияның жоғары білім беру саласындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция: индустрия мен білім берудің интеграциясы» атты ынтымақтастық форумы өтті.
Ауқымды шараға ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки, Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулы Цзян Вэй, Сиань Цзяотун университетінің Президенті Ван Шугуо, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, шетел дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекеме басшылары, ҚХР және Орталық Азия жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары қатысты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын Мәлік Отарбаев оқып берді. Құттықтау хатта: «Төртінші өнеркәсіптік революция: Индустрия мен білім интеграциясы» форумы білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін академиялық әлем мен өндіріс арасындағы көпірге айналады. Қытай мен Орталық Азияның жоғары оқу орындары форумы өнеркәсіп пен білім интеграциясы үшін өзара байланыс құруға, университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады деп сенемін», - делінген.
Форумда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев сөз сөйледі.
«2023 жылдың 17 мамырында Қытай Халық Республикасында алғаш рет «Орталық Азия – Қытай» саммиті өткен болатын. Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Президенттері қатысты. Аталған саммиттің жалғасы ретінде бүгін ҚазҰУ-да Қытай мен Орталық Азияның жоғары оқу орындары форумы өтуде. Бұл шара университеттер арасындағы білім және ғылым саласы бойынша ынтымақтастықты арттыруға бағытталған. Орталық Азия елдерінің Қытаймен ынтымақтастығын дамыту барысында «Бір белдеу - бір жол» бағдарламасының маңызы зор. Ол инфрақұрылым құруға және Еуропа мен Азия елдері арасында байланыс орнатуға үлкен септігін тигізіп отыр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ-ның тұрақтылық жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабын тұрақты басқаратын Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының бірі бола отырып, Ыстамбұл және Бішкек қалаларында өз филиалдарын ашты. Жуырда ҚазҰУ базасында Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды», - деді ректор.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста. Бүгінге дейін барлығы 39 халықаралық келісім жасалған. Соның негізінде оқу ордасында академиялық ұтқырлық бойынша ОА елдерінен келген 275 студент оқиды. ҚазҰУ Қытайдың 50-ден астам жоғары оқу орындарымен және ұйымдарымен ынтымақтастық орнатқан.
Өз кезегінде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.
«Цифрлық әлем дәуірінде университеттер инновациялар мен технологияларды дамыту мен қолдануда маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта қазақстандық жоғары оқу орындары білім және ғылыми-инновациялық процеске инновациялық технологияларды енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобаларды ерекше атап өткім келеді. Біз ақпараттық жүйелер, білім беру мекемелеріне арналған ғарыш аппараттары және т.б. ғылыми жобаларды білеміз. Бүгінгі форум Қытай және Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындарының тығыз қарым-қатынас орнауына және нығаюына үлкен сеп болатыны сөзсіз. Сонымен қатар университеттер арасында оқытушылар мен студенттер алмасуға, тәжірибемен бөлісуге, ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.
Сондай-ақ форумда Сиань Цзяотун университетінің Президенті Ван Шугуо: «Қазір технологияның дамыған уақыты. Ғылым саласы күн сайын өзгеріп, жаңа технологиялар шығып жатыр. Сол себепті Қытай және Орталық Азия елдеріндегі жоғары оқу орындары бірлесіп, болып жатқан өзгерістерді тез меңгеріп, заман ағымымен бірге жүруіміз қажет. Елдеріміз достық қарым-қатынаста. Бәріміздің мақсатымыз бір. Қазіргі таңда біздер ғылым және білім саласы бойынша өзгерістерге бейімделуіміз керек», - деп өз ойын ортаға салды.
Сонымен қатар шара барысында Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулы Цзян Вэй, Тәжікстанның Бас консулы Равшан Бобохонзода, Өзбекстанның Бас консулы Абдурахим Каюмов, Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы басқару академиясының ректоры Алмазбек Акматалиев сөз сөйледі.
Форум жұмысы панельдік сессияларда жалғасты. Онда қатысушылар Орталық Азия мен Қытай елдерінің жоғары білімін дамытудың стратегиялық мәселелері мен бағыттарын талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі