- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да Қытай-Орталық Азия жоғары оқу орындарының басшылары «Almaty» Консенсусына қол қойды
ҚазҰУ-да Қытай-Орталық Азия жоғары оқу орындарының басшылары «Almaty» Консенсусына қол қойды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Төртінші өнеркәсіптік революция: индустрия мен білім берудің интеграциясы» атты Орталық Азия – Қытай жоғары білім ынтымақтастық форумының қорытындысы бойынша жоғары оқу орындарының басшылары «Almaty» Консенсусына қол қойды және бірқатар бастаманы қабылдады.
Құжаттың негізгі мақсаты – Қытай және Орталық Азия жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын интеграциялау, студенттердің академиялық ұтқырлығы саласын кеңейту, оқу бағдарламаларын жүйелеу.
Панелдік сессияда Сиань Цзяотун университетінің Президенті Ван Шугуо, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, шетел дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекеме басшылары, ҚХР және Орталық Азия жоғары оқу орындарының ректорлары сөз сөйлеп, білім және ғылым салаларындағы өзекті мәселелер бойынша өзара пікір алмасты. Сондай-ақ жиында қатысушылар Орталық Азия мен Қытай елдерінің жоғары білімін дамытудың стратегиялық мәселелері мен бағыттарын талқылады. Панелдік сессия барысында Орталық Азия – Қытай жоғары білім ынтымақтастық форумының екінші отырысына төрағалық ететін ЖОО анықталды.
Ақпарат үшін: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста. Бүгінге дейін барлығы 39 халықаралық келісім жасалған. Соның негізінде оқу ордасында академиялық ұтқырлық бойынша ОА елдерінен келген 275 студент оқиды. ҚазҰУ Қытайдың 50-ден астам жоғары оқу орындарымен және ұйымдарымен ынтымақтастық орнатқан.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі