ҚазҰУ ҚХР жоғары оқу орындарымен серіктестікті нығайтады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қытай Халық Республикасындағы жоғары оқу орнындарының өкілдерінен құралған арнайы делегация жұмыс сапармен келді.
Сапар барысында құрметті қонақтар ҚазҰУ қалашығын аралап, университеттің ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Қонақтар Басқарма мүшесі – Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жамила Айтжановамен кездесіп, ЖОО арасындағы серіктестікті дамыту бағыттарын талқылады.
Делегация құрамында Қытай Ғылым академиясының академигі, Филдс сыйлығының лауреаты Ефим Зельманов, Пекин университетінің профессоры Цзипин Чжан, Қытай Ғылым академиясының академигі Сяоцзин Чжэн, Бохуи Чен, Цзэнцзин Чен, Хуронг Цинь, Юньхэ Шэн, Вэнь Хуан және т.б. профессорлар бар.
Жүздесуде Жамила Айтжанова делагация мүшелеріне ҚазҰУ-дың жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ проректор ҚазҰУ мен ҚХР жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық күн санап артып келе жатқанын тілге тиек етті.
«Бүгінде ҚазҰУ Қытайдың 50-ден астам жоғары оқу орындары және ұйымдарымен ынтымақтастық орнатып отыр. Жақында білім ордасында «Төртінші өнеркәсіптік революция: индустрия мен білім берудің интеграциясы» атты Орталық Азия – Қытай жоғары білім ынтымақтастық форумы өтті. Сондай-ақ ҚазҰУ базасында Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды. Біз өз тарапымыздан Қытай ЖОО-ларымен қарым-қатынасты одан әрі арттыру жұмыстарын жалғастыра береміз», – Жамила Айтжанова.
Кездесу барысында оқу ордасына жұмыс сапармен келген делегация мүшелері сөз сөйлеп, ҚазҰУ-мен серіктестікті дамытуға және нығайтуға мүдделі екендіктерін жеткізді.
Жүздесу соңында тараптар естелік сыйлықтармен алмасып, фотосуретке түсті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі