ҚазҰУ-да құқықтық сауаттылық дәрісі өтт
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің ұйымдастыруымен Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков құқықтық дәріс оқыды.
«Жастардың құқықтық сауаттылығы жаңа Қазақстанның қоғамдық қауіпсіздігінің кепілі ретінде» атты дәріске университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары қатысты.
Кездесудің мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын және құқық қорғау органдарына сенімділік деңгейін арттыру.
Іс-шараны жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деканы Сәбит Суатай құттықтау сөзбен ашып, Олжас Сапарханұлының табысты еңбек жолына тоқталды.
«Олжас Мырзабек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегі. 2000 жылы оқу ордасын «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. 2018 жылы Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясын «заңгер» мамандығы бойынша бітіріп, «Заң ғылымдарының Магистрі» дәрежесін алды. Ішкі істер органдарында 2000 жылдың қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін түрлі қызметте орта және жоғары басшылық лауазымдарда қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары болып жұмыс істеуде», - деді декан.
Өз кезегінде Олжас Мырзабеков жастарға қиындығы мен қызығы мол полиция департаментінің қызметі мен жетістіктері туралы ақпарат берді. Әрбір қызметкерден темірдей тәртіп пен кәсіби біліктілікті талап ететін бұл қызмет ең бірінші елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу бағытында жұмыс жасайтыны туралы айтып жеткізді.
«Қазақстанның болашағы жастардың қолында. Сондықтан әрбір адам үшін дұрыс мамандық таңдау маңызды. Қазіргі таңда елімізде есірткіге жол бермеу бойынша және жол ережесін сақтау туралы түсіндірме жұмыстары көптеп жүргізіліп жатыр. Бүгінгі дәрістің де мақсаты осы. Біздер жастарымыздың жаман әдеттен аулақ болып, жақсы қасиеттеді меңгеріп, білікті және білімді болуын қалаймыз», - деді Олжас Сапарханұлы.
Кездесу барысында студенттер полиция департаменті бастығының орынбасарына сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі