ҚазҰУ студенттері білім жарыстырды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жастар арасында парасаттылықты қалыптастыру» тақырыбында «Брейн-Ринг» танымдық зияткерлік ойыны өтті.
Тұрақты даму мақсаттарының төртінші тармағы бойынша жүзеге асқан шараны Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, Конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы ұйымдастырды.
Брейн-рингтің мақсаты – білім алушылардың танымдық қызығушылықтарын, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Қазылар алқасына «Әділдік жолы» ҚБ өкілдері, сондай-ақ командалардың жауаптары мен талдамалық қабілеттерін бағалайтын құқық саласындағы сарапшылар шақырылды.
Ойын төрт кезеңнен тұрды. Онда қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы білімдерін, сонымен қатар парасаттылық қағидаттарына байланысты жағдайларды талдау қабілеттерін белсенді түрде көрсетті.
Нәтижесінде «Әділет Бұғаулары» командасы жеңіске жетті. Олар құқық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сананы қалыптастыру саласындағы өз білімдерінің деңгейін анық көрсете алды.
Байқау соңында Заң факультетінің студенттері жастар арасында парасаттылық қағидаттарын дамыту үшін еріктілер қозғалысына белсенді қатысуға ниет білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі